Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Меруерт Өтекешова дауға айналған "Қыз Жібектің" қамзолына қатысты пікір білдірді

Баян мен Меруерт Өтекешова

Фото: Видеодан скриншот

“Қыз Жібек” фильмінде басты рөлді сомдаған танымал актриса Меруерт Өтекешова Майя Бекбаеваға берген сұхбатында қамзол дауына қатысты пікір білдірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Актриса қамзол айналасындағы шу өзі үшін тосын жағдай болғанын жасырмады. Ол қамзолды арнайы іздемегенін де атап өтті.

"Мен оны арнайы іздеген жоқпын. Бұған дейін киностудияда болған кезде сол камзол туралы сұраған едім. Бірақ, өкінішке қарай, қайта құру кезеңінде сақталған көптеген костюм жоғалып кеткен екен”, – деді ол.

Меруерт Өтекешова да қамзолды ұзақ уақыттан кейін Баян Алагөзованың видеосынан көрген.

“Қамзолды алғаш рет Баян киіп көріп, көрсеткен кезде көрдім. Көпшіліктің оның камзолды кигеніне наразы болғанын түсінемін. Бірақ шығармашылық адамы кейде эмоцияға ерік береді ғой. Ол камзолды көріп "Қандай керемет, Жібектің камзолы сақталып қалыпты ғой” деп қуанып кеткен. Оның үстіне, камзол дене бітіміне де дәл келген”, – деді ол.

Өнер иесі Баян Алагөзова шын мәнінде ешкімді ренжіткісі келген жоқ деп санайды.

"Бұл — оның ішкі қуанышы, әсері деп ойлаймын. Шын мәнінде, ол ешкімді ренжіткісі келген жоқ. Бірақ камзолды киіп көрді. Меніңше, Баян Алагөзова бұл камзолды міндетті түрде сақтайды. Әрине, ол музейде тұрады. Қазір болмаса да, кейін өз музейіне қоя ма, әлде басқа бір музейге тапсыра ма — бұл оның өз шешімі”, – деді ол.

Актрисаның айтуынша, бұл үшін Баян Мақсатқызын айыптаудың қажеті жоқ.

"Сондықтан оны бұл үшін айыптаудың қажеті жоқ деп ойлаймын. Тіпті мен туралы да "камзолды өзі сыйлаған шығар" дегендей сөздер айтылыпты. Бірақ бұл — шындыққа жанаспайды. Негізі, камзол өте жақсы сақталған екен”, – деп түйіндеді ол.

Мән-жайы

Айта кетейік, бұған дейін продюсер әрі актриса Баян Алагөзова әлеуметтік желіде өз гардеробына “Қыз Жібек” фильміндегі Жібектің қамзолы қосылғанын айтып видео жариялағаны туралы жазған едік. Алайда бұл жаңалық көпшіліктің ашуын туғызды. Қазақстандықтар мұраның музейде сақталуға тиіс екенін жарыса жазды. 

Кейінірек продюсердің өзі де жауап берді. Оның айтуынша, киім ешбір ресми құжатта тіркелмеген, ал оны 30 жыл бұрын қоқысқа тасталудан қарапайым әйел сақтап қалған. Алагөзова қамзолды ұлттық мұра ретінде насихаттап, кейін музейге тапсыруы мүмкін екенін айтқан.

Балнұр Рахматуллақызы
Сейсенбі, 05 Мамыр, 2026 10:36