Өскеменде зауыттағы жарылыс: Ішкі істер министрлігі апатқа себеп ретінде екі нұсқа қарастырып жатқанын айтты

Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов Өскемендегі зауыттағы жарылысқа қатысты пікір білдірді. Оның сөзінше, бұл жағдай бойынша екі негізгі нұсқа қарастырылып жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Вице-министрдің айтуынша, қазір тергеу жүріп жатыр және жедел-тергеу тобы құрылған.
“Қылмыстық кодекстің 156-бабының 4-бөлігі (Еңбектi қорғау қағидаларын бұзу) бойынша тергеу жүргізіп жатырмыз. Бұл бап 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын қарастырады. Жедел-тергеу тобы тәжірибелі қызметкерлермен жасақталды. Бүгін 10-нан астам сот сараптамасы тағайындалды. Соның ең негізгісі – жарылысқа не түрткі болғанын анықтау”, – деді Әділов.
ОқыңызОның сөзінше, технологиялық процестің бұзылуы және адам факторы, еңбек қауіпсіздігі талаптарының сақталмауы негізгі нұсқа ретінде қарастырылып жатыр.
“Қазір уәкілетті мемлекеттік органдардың, Өнеркәсіп министрлігінің және облыс әкімдігінің мамандары жұмыс істеп жатыр. Комиссия мен кешенді сот-сараптама комиссиясының қорытындысы тергеудің бағытын айқындап, кінәлілерді қылмыстық жауапкершілікке тарту мәселесін шешуге негіз болады деп ойлаймын. Қаза тапқан екі адамнан бөлек, тағы екі зардап шегуші ауруханада жатыр. Оның бірінің жағдайы ауыр”, – деді Әділов.
Айта кетейік, бұған дейін Өскеменде зауытта жарылыс болып, құтқарушылар зардап шеккендерді іздеп жатқанын хабарлаған едік. Кейін екі адам қаза тапқаны хабарланды. Компания қаза тапқандардың отбасыларына және зардап шеккендерге көмек көрсетілетінін мәлімдеді.
Қазақстан соғыс ардагерлеріне басқа елдермен салыстырғанда көбірек төлейді