Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Өскеменде аспалы көпір үзіліп, адамдар 5-6 метр биіктен мұздай суға құлады

Фото: Видеодан скрин

Өскемен қаласындағы Самал саябағы аумағында орналасқан аспалы көпір үзіліп, алты адам 5-6 метр биіктіктен суға құлады. Алдын ала мәлімет бойынша, оқиғаға жасөспірімдердің көпірді қатты шайқауы себеп болуы мүмкін. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Информбюро бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.

Өскемен қаласында аспалы көпірдің үзілуі салдарынан алты адам мұздай суға құлады. Оқиға қала тұрғындары жиі баратын Самал саябағы аумағында болған.

Алдын ала мәлімет бойынша, көпірде сегіз адам болған. Олардың алтауы 5-6 метр биіктіктен суға құлаған. Екі адам жарақат алып, ауруханаға жеткізілді. Дәрігерлердің айтуынша, зардап шеккендер жасөспірімдер. Қазір олар ана мен бала орталығында ем қабылдап жатыр.

Қала әкімдігінің хабарлауынша, оқиғаға балалардың көпірді қатты шайқауы себеп болуы мүмкін. Жасөспірімдердің әрекеті конструкцияның құлауына әкелген деген болжам бар.

Алайда кейбір қала тұрғындары көпірге тиісті деңгейде күтім жасалғанда, мұндай жағдай болмас еді деген пікір білдірген.

Өскемен қаласы әкімінің баспасөз хатшысы Амина Курманжанқызы жағдайға қатысты түсініктеме берді.

"Қазір көпір уақытша жабылды. Самал саябағын жоспарлы реконструкциялау аясында көпірді жаңарту және күшейту жұмыстары жүргізіледі. Жағдай қала әкімінің бақылауында", – деп мәлімдеді әкімдік өкілі.

Еске салайық, бұған дейін Түркістан облысы Келес ауданында ауылдарды жалғап тұрған 1970 жылы салынған көпір опырылып, бірнеше елді мекен қатынассыз қалды. Көпірмен бірге су құбыры да құлап, тұрғындар ауызсусыз қалған. Бұған дейін жергілікті халық көпірдің қауіпті жағдайда тұрғанын айтып, бірнеше рет ескерткен.

Айым Атамбаева
Сенбі, 09 Мамыр, 2026 09:45