Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Индонезиядағы Дуконо жанартауы атқылап, үш турист қаза тапты

Фото: Видеодан скрин

Индонезиядағы Хальмахера аралы аумағында орналасқан Дуконо жанартауы атқылауы салдарынан үш турист көз жұмды. Құтқарушылар 17 адамды эвакуациялап үлгергенімен, тағы үшеуінің мәйіті тауда қалып отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК телеарнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Индонезияда Дуконо жанартауы атқылап, салдарынан 3 турист қаза тапты. Оқиға Хальмахера аралы аумағында болған. Жергілікті полиция мен құтқарушылардың мәліметінше, жанартау атқылаған сәтте тауға 20 адам көтеріліп бара жатқан. Олардың ішінде 9 шетелдік және 11 жергілікті турист болған.

Құтқарушылар 17 адамды эвакуациялап үлгерді, ал 3 адамның мәйіті әлі де тауда қалып отыр. Іздеу-құтқару жұмыстары уақытша тоқтатылып, ертең қайта жалғасады.

Қаза тапқандардың ішінде 2 Сингапур азаматы және 1 Индонезия азаматы бар. Оқиға 8 мамыр күні таңертең болған. Гид Алекс Джангу жанартаудың атқылауы алдында жердің қатты дірілдегенін сезгенін айтады.

Оның сөзінше, сол сәтте жоғарыдан тастар мен қиыршықтар құлай бастаған. Ол туристерге дереу төмен түсуге бұйрық берген. Оның тобы аман қалған, алайда кратер маңында басқа туристер қалып қойған. Кейбірі тым жақын барып, видеоға түсіріп жатқан. Куәгерлер түсірген видеода жанартаудан аспанға қарай көтерілген қою түтін мен күл бағаны анық көрінеді. Гидтің айтуынша, жанартау күні бойы белсенді болып, атқылауын жалғастырған.

Айта кетейік, Дуконо жанартауы – Индонезиядағы ең белсенді жанартаулардың бірі. Билік өкілдері оның белсенділігі артқанын алдын ала ескерткен. 2024 жылдың желтоқсанынан бастап мамандар туристерге жанартауға 4 шақырымнан жақындамауға кеңес берген.

Сарапшылардың айтуынша, наурыз айынан бері Дуконо жанартауының жарылыс сипатындағы атқылаулары жиілеген. Егер жанартау бірнеше күн тыныш тұрса, оның ішінде қауіпті қысым жиналуы мүмкін.

Жалпы, Индонезия Тынық мұхиттың "Отты белдеуі" деп аталатын сейсмикалық қауіпті аймақта орналасқан. Бұл өңірде жер сілкінісі мен жанартау атқылауы жиі болып тұрады. Соған қарамастан, Дуконо жанартауы туристер арасында танымал бағыттардың бірі болып қала береді.

Еске салайық, бұған дейін Индонезия аумағы Тынық мұхиттың отты белдеуі бойында орналасқандықтан, мұнда жанартау атқылауы жиі тіркелетінін жазған едік. Елде 300-ден астам белсенді жанартау бар. Соның ішінде Левотоби Лаки-Лаки жанартауы да мезгіл-мезгіл оянып тұрады. Ұқсас жағдай өткен жылы да болған. Күлдің таралуына байланысты әуе рейстері уақытша тоқтатылып, қауіпсіздік шаралары күшейтілген еді.

Айым Атамбаева
Сенбі, 09 Мамыр, 2026 10:20