Кәсіпкер Айдын Рахымбаев байлығының жартысын қайырымдылыққа беретінін мәлімдеді

BI Group компаниясының басшысы Айдын Рахымбаев әйелімен бірге байлығының жартысынан көбін қайырымдылыққа бөлуге уәде берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
2026 жылдың сәуір айында кәсіпкер, BI Group компаниясының құрылтайшысы Айдын Рахымбаев пен жұбайы Анар Рахымбаева ресми түрде әлемдік Giving Pledge бастамасына қосылды.
The Giving Pledge – миллиардерлерді біріктіретін халықаралық бастама, бұл бастамаға қатысушылар өз байлығының жартысынан көбін қайырымдылыққа жұмсауға ашық түрде уәде береді. Мұны адам тірі кезінде де, байлығын қайырымдылық ұйымдары мен бастамаларға өсиетпен қалдыру арқылы да жасай алады.
Рахымбаевтар отбасы бұл жобаға қосылған Орталық Азияның алғашқы өкілдері болды. Кәсіпкер өз шешімі туралы The Giving Pledge бастамасының ресми сайтындағы хатында мәлімдеді.
"Giving Pledge" – "Жомарттық анты" бастамасына қолдау көрсету туралы шешім – біздің отбасылық құндылықтармыз бен көптеген жылдар бойы атқарып келе жатқан істеріміздің заңды жалғасы деп білеміз. Осы хат арқылы біз осы күнге дейін жиғанымыздың жартысынан көбін көзіміздің тірісінде, қайырымдылыққа, қоғамның игілігіне жұмсайтынымызды бүкпесіз жария етеміз. Жұбайым екеуміз де шағын ауылдан, қарапайым отбасынан шыққанбыз. Саналы ғұмырымызды адал еңбекпен капитал жинауға арнадық. Алайда, уақыт өте келе дәулет – өмірдің басты құндылығы емес, ол тек ізгілік жолындағы құрал ғана екенін түсіндік”, – делінген хатта.
Кәсіпкердің айтуынша, отбасы үшін басым бағыт – Қазақстан ішіндегі әлеуметтік жобалар болып қала береді. Қаражат мектептер салуға, Орталық Азиядағы балаларды қолдауға, ұлттық дәстүрлерді сақтауға және Қазақстан тарихын насихаттауға жұмсалмақ.
ОқыңызForbes журналының деректеріне сәйкес, 2026 жылы Айдын Рахымбаев Қазақстандағы ең бай адамдар тізімінде 9-орынға жайғасқан. Оның байлығы 1,1 миилиард доллар деп бағаланған. Сондай-ақ биыл Рахымбаев алғаш рет Forbes-тың әлемдік миллиардерлер тізіміне еніп, 3185-орынды иеленді.
The Giving Pledge бастамасын 2010 жылы Билл Гейтс, Мелинда Френч Гейтс және Уоррен Баффет құрған. Жобаның мақсаты – миллиардерлерді жаһандық мәселелерді шешуге қаржы бағыттау ниетін көпшілік алдында жариялауға ынталандыру. 16 жыл ішінде бұл бастамаға 30 елден шамамен 250 меценат қосылды. Қатысушылар қатарында Илон Маск, Марк Цукерберг, Ричард Брэнсон және басқа да танымал тұлғалар бар. Енді бұл тізімде қазақстандық отбасы да қосылды.
Рейхстагқа ту тіккен Рахымжан Қошқарбаев па, әлде тарихи шындық бұрмаланды ма?