Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Жалғыз асыраушысы болған": Алматыда биіктен құлап өлген студентке қатысты жаңа мәліметтер шықты

Фото: Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті

Алматыда Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің 1-курс студенті 8-қабаттан секіріп, көз жұмды. Қайғылы оқиғаға байланысты түрлі болжамдар тарағанымен, оқу орны марқұмның оқу үлгерімі жақсы болғанын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Информбюро бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.

Алматыда 8-қабаттан секіріп, қаза тапқан студенттің өліміне қатысты тың деректер белгілі болды. Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің бірінші курс тәлімгері тағдыр тауқыметіне төтеп бере алмауы мүмкін. Оқу орнының дерегінше, марқұмның анасы мен әпкесі ауыр дертке шалдығып, бірі аяғынан айырылса, екіншісі зағип болып қалған. Онсыз да жағдайы қиын отбасы грантта оқитын баласының шәкіртақысына өмір сүріп келген көрінеді.

8-қабаттан секіріп кеткен студент ғимарат маңында тұрақта тұрған көліктің алдына құлап, ауыр соққыдан денесі бірнеше метрге домалап түскені айтылады. Оқиға орнында қан іздері қалған. Соққының қатты болғаны соншалық, жас жігіт жедел жәрдем жеткенше көз жұмған.

Оқиғадан кейін түсірілген суреттер әлеуметтік желілерде тарап, көпшіліктің жағасын ұстатты. Алайда жоғары оқу орны желіде тараған кейбір болжамдарды жоққа шығарды. Абай атындағы ҚАЗҰПУ проректоры Мақсат Жақауовтың мәліметінше, студент таңғы сағат сегізде өтетін тестке келгенімен, аудиторияға кірмей кеткен.

"Туысқандарының сөзіне сенсек, стипендиясына қарап отырған. Бүкіл әлеуметтік мәселесі. Бала өзінің анасын күнде көтеріп, тұрғызып, жуындырып-шайындырып, өзінің стипендиясынан тамағын апарып отырады. Оның грантынан айырылуы мүмкін ба еді? Мүмкін емес ешқандай. Грантынан айырылатын оған негіз де жоқ. Бала қысқы сессиясын да жақсы тапсырған. Ешқандай летоға түскен жоқ. Бала өзінің деңгейінде жақсы оқып келе жатқан", – деді Мақсат Жақауов.

Небәрі 20 жасында көз жұмған Бақтияр жоғары оқу орнына кеш түскен. Ол философия мамандығының орыс бөлімінде білім алып жүрген. Туған әпкесі де осы университеттің студенті, алайда қант диабетіне шалдығып, көру қабілетінен айырылғаны белгілі болды. Анасының да денсаулығы ауыр, ал әкесі отбасынан бөлек тұрады. Осылайша, тұрмыстың ауыртпалығы жас жігіттің өз мойнына түскені айтылуда.

Қазіргі Алматы қаласы полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек Қылмыстық кодекстің 105-бабы "Өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу" бойынша тергеу жүргізіп жатқанын мәлімдеді.

"Аталмыш дерек бойынша Медеу аудандық полиция басқармасымен қылмыстық іс қозғалды. Себеп-салдары және толық мән-жәйы анықталуда", деді полиция.

Марқұмның аназасы 8 мамырда өтіп, денесі жер қойнына тапсырылды. Енді білім ошағы інісін жоғалтқан әпкесі мен ұлынан айырылған анасына қол ұшын созамыз деп сендіріп отыр.

Еске салайық, бұған дейін Алматыда Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің 1-курс студенті университет ғимаратынан құлап, қаза тапқаны хабарланған еді. Қайғылы оқиға 6 мамыр күні таңғы уақытта орын алып, студент сегізінші қабаттан құлап, оқиға орнында көз жұмған. Оқу орнының мәліметінше, марқұм мемлекеттік грант негізінде философия мамандығында білім алған. Университет өкілдері студенттің оқу үлгерімі жақсы болғанын, тәртіптік ескертулері болмағанын және психологиялық қолдау қызметіне жүгінбегенін мәлімдеді.

Stan.kz
Сенбі, 09 Мамыр, 2026 08:25