Пентагон 80 жылдағы НЛО бақылауларына қатысты архивтерді жариялады

Фото: magnific.com
АҚШ Қорғаныс министрлігі соңғы 80 жылға жуық уақыттағы НЛО мен белгісіз аномалиялық құбылыстарға қатысты 160-тан астам құпиясыздандырылған құжатты жариялады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі war.gov порталына сілтеме жасап хабарлайды.
Пентагон жариялаған материалдардың ішінде барлау есептері, ФБР құжаттары, куәгерлердің мәлімдемелері, сондай-ақ NASA астронавттарының сөйлесулерінің жазбалары мен 1950 жылдардан бергі газет қиындылары бар.
Бұрын AARO басқармасын басқарған Шон Киркпатрик архивтерде бөгде ғаламшарлықтардың бар екенін дәлелдейтін сенсациялық деректер жоқ екенін айтты. Оның сөзінше, “беймәлім нысандар” түсірілген көптеген видеолар инфрақызыл камералардың техникалық ерекшеліктерімен түсіндіріледі.

Фото: war.gov/UFO
Соған қарамастан, АҚШ саясаткерлері НЛО тақырыбына қызығушылық танытып отыр. Вице-президент Джей Ди Вэнс бұл мәселеде “шындыққа жетуді” көздейтінін және "51-аймақ" туралы материалдарды зерттемек екенін айтқан.
Қазіргі таңда Пентагон сайтында НЛО-ға қатысты 161 файл жарияланған. Олардың қатарында фотосуреттер, PDF құжаттар және видеожазбалар бар. Кейбір материалдар соңғы жылдары түсірілген, ал біреуі 2026 жылдың қаңтарына тиесілі.
АҚШ Қорғаныс министрлігі бұл архивті “ондаған ведомствоның қатысуымен жүзеге асқан бұрын-соңды болмаған тарихи бастама” деп бағалады. Жаңа материалдар алдағы уақытта кезең-кезеңімен жарияланып отырмақ.

Фото: war.gov/UFO
Айта кетейік, НЛО тақырыбы АҚШ-та бұған дейін де қызу талқыланған. Барак Обама бұл мәселеге қатысты әзілмен пікір білдіргенімен, кейін нақты дәлелдер көрмегенін айтқан. Сонымен қатар Пентагон 2022 және 2024 жылдары да бөгде ғаламшарлықтардың бар екенін растайтын айғақтар жоқ екенін мәлімдеген.
Еске салайық, бұған дейін АҚШ-та өзге ғаламшарлықтар мен белгісіз ұшатын нысандар туралы тақырып қайта-қайта көтерілген еді. Әсіресе, Барак Обама подкасттардың бірінде ғарыштағы өмірдің болуы мүмкін екенін айтқаннан кейін бұл мәселе қоғамда кең талқыланды. Ал Дональд Трамп сол кезде Обаманы құпия ақпаратты жария етті деп сынға алған еді.
Рейхстагқа ту тіккен Рахымжан Қошқарбаев па, әлде тарихи шындық бұрмаланды ма?
Оқыңыз