Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ұлы Жеңіс ұлықталды: Ақмолалықтар батырлар рухына тағзым етті

Көкшетауда Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 81 жылдығына арналған ауқымды іс-шаралар ұйымдастырылып, майдангерлердің ерлігі мен ел тыныштығы жолындағы жанқиярлығы ерекше құрметпен еске алынды.

Тағылымға толы мерекелік күн "Мәңгілік алау" мемориалынан басталып, қала тұрғындарын ортақ тарихи жады мен бірлікке ұйыстырды.

Салтанатты рәсімге Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ермек Нұғыманов, құқық қорғау органдарының басшылары, әскери құрылым өкілдері, депутаттар, ардагерлер мен мыңдаған тұрғын қатысты. Салтанатты шараның әсерлі өтуіне Рейхстагқа Жеңіс туын алғашқылардың бірі болып тіккен қазақ батыры Рақымжан Қошқарбаевқа арналған патриоттық әндер ерекше рух беріп, жиынға айрықша мән қосты.

Алғашқылардың бірі болып "Мәңгілік алауға" гүл шоқтарын қойған облыс әкімі Марат Ахметжанов пен қоғам қайраткерлері бейбіт өмірдің қадірін ұмытпау қажеттігін атап өтті. Көпшілік үшін бұл тағзым ету рәсімі жыл сайынғы маңызды дәстүрге айналған. Ақмола облысы қорғаныс істері жөніндегі департаментінің басшысы Марғұлан Шағиев Жеңістің тарихи мәніне тоқталып өтті.

"Бұл жеңіс халқымызға оңай келген жоқ. Майдандағы сұрапыл соғыс пен тылдағы тынымсыз еңбек миллиондаған адамның тағдырын өзгертті. Сондықтан Жеңіс күні  ерлікті ұлықтайтын әрі бейбіт өмірдің бағасын ұғындыратын қасиетті мереке", – деді ол.

Мемориалға гүл қою рәсімінен кейін қатысушылар "Жұлдыз" мемориалына, Кеңес Одағының батырлары Талғат Бигелдинов пен Мәлік Ғабдуллиннің ескерткіштеріне барып, батырлар рухына тағзым етті.

Мерекелік шараға келгендердің арасында отбасымен қатысқан тұрғындар да көп болды. Солардың бірі  көкшетаулық Айжан Көшкенова. Ол атасы Көшкен Құмардың Ұлы Отан соғысына қатысып, елге аман оралғанын мақтанышпен еске алды.

"Менің атам соғыс ардагері болған. Біз кішкентайымыздан оның майдан туралы әңгімелерін тыңдап өстік. Атаның орден-медальдары әлі күнге дейін отбасымыздың құнды мұрасы. Ол ұзақ ғұмыр кешіп, артында үлкен ұрпақ қалдырды. Осындай батырларымыздың арқасында бүгін бейбіт өмір сүріп отырмыз. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын", – деді қала тұрғыны.

Қаладағы мерекелік көңіл күй орталық көшелер мен алаңдарда жалғасты. "Жағалау" бағыты бойынша түрлі тақырыптық алаңдар ұйымдастырылып, тұрғындарға концерттік бағдарламалар ұсынылды. "Синема" кинотеатры маңында "Шабыт" ансамблі өнер көрсетсе, Шоқан Уәлиханов ескерткіші жанында "Шаңырақ" хоры патриоттық әндер шырқады. Ал "Ақ желкен" автотұрағында әскери шатырлар тігіліп, облыстық музейдің көшпелі көрмелері мен деректі фильм көрсетілімдері өтті.

Мерекенің шарықтау шегі "Жағалау" сахнасындағы үлкен концерттік бағдарламаға ұласты. Өнерпаздар соғыс жылдарындағы әндерді орындап, көрермендерге ерекше әсер сыйлады.

Айым Атамбаева
Сенбі, 09 Мамыр, 2026 14:08