Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Трамптан кейін Путин Бейжіңге барды: Ресей Қытайға тағы да газ сатуға тырысып жатыр

Қытай мен Ресей
Фото: Reuters.com

Трамп Бейжіңнен нақты нәтиже ала алмай қайтқаннан кейін Қытай Путинді қабылдауға кірісті. Сарапшылардың пікірінше, Батыстан оқшауланған Ресей енді Қытайға бұрынғыдан да тәуелді бола түскен, ал “Сібір күші – 2” жобасы бойынша барлық шартты Бейжің өз пайдасына шешуі мүмкін. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Қытай төрағасы Си Цзиньпин Ресей президенті Владимир Путинді Бейжіңде қарсы алды. Ресей делегациясын ресми қарсы алу рәсімі Бейжіңдегі Тяньаньмэнь алаңында өтті. Си Цзиньпин Владимир Путинді Халық жиналысы үйінің алдында жеке өзі қарсы алған. Дәл осы жерде екі ел көшбасшыларының келіссөздері өтеді. Владимир Путин Қытайға сапармен алдыңғы күні кешке келген. Рәсім барысында Ресей мен Қытай делегациялары таныстырылып, кейін екі елдің мемлекеттік әнұрандары орындалды және зеңбіректерден оқ атылды.

Келіссөздер барысында тараптар екіжақты қарым-қатынастың барлық бағытын, соның ішінде ең өзекті мәселелерді талқылайды. Сондай-ақ халықаралық және өңірлік ахуал жөнінде пікір алмасады деген жоспар бар.

Айта кетейік, мұнай-газ саласындағы ынтымақтастық пен “Сібір күші – 2” газ құбыры жобасына қатысты мәселелер де қаралады. Ресей президенті Владимир Путин АҚШ президенті Дональд Трамптың сапарынан кейін Бейжіңге барып, Қытай төрағасы Си Цзиньпинмен кездеседі.

Сарапшылардың пікірінше, Путин бұл жолы Қытаймен газ жөніндегі тиімді келісімге қол жеткізуге үміттеніп отыр. Әсіресе Ирандағы соғыс пен Парсы шығанағындағы тұрақсыздық Қытайды жаңа энергия көздерін іздеуге итермелеген. Осы жағдай Ресейге “Сібір күші – 2” газ құбыры жобасы бойынша келіссөздерді жандандыруға мүмкіндік берген. Дегенмен сарапшылар Қытай бұл келіссөздерде басым позицияда отырғанын айтады. Өйткені Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін Батыстан оқшауланып, Қытайға экономикалық тұрғыда тәуелді бола түсті.

Әлемдік БАҚ-та Си Цзиньпин Путинмен күшті тарап ретінде сөйлесетіні айтылған. Себебі Қытай Ресейден технологиялық және экономикалық артықшылыққа ие. Сонымен қатар Бейжің Мәскеумен ұзақмерзімді энергетикалық келісімдерге асықпайды. Сарапшылардың сөзінше, Қытай бір ғана елге тәуелді болмау саясатын ұстанады. Сондықтан Ресейден келетін газ көлемінің шамадан тыс артуына сақ қарайды. Болжам бойынша, барлық жоспарланған жобалар іске асса, 2030 жылға қарай Ресейдің Қытай энергия нарығындағы үлесі 40 пайыздан асуы мүмкін.

Сарапшылардың пікірінше, осы уақытқа дейін “Сібір күші – 2” жобасы Қытай үшін газ тапшылығы туындаған жағдайда сақтандыру құралы ғана болып келген. Алайда Ирандағы соғыс пен Парсы шығанағындағы тұрақсыздық Бейжіңнің Ресей газына қызығушылығын арттыруы мүмкін.

Дегенмен бұл келіссөздерде барлық басымдық Қытайдың қолында қалып отыр. Себебі Ресейдің Еуропаға бағытталған газы қазір өтпей қалған, ал Мәскеудің оны Қытайдан басқа өткізетін ірі нарығы жоқ. Сондықтан Бейжің баға мен көлем мәселесінде де, газ құбырын кім қаржыландыратыны жөнінде де өз шартын қоюға мүмкіндік алып отыр.

Қазіргі “Сібір күші – 1” құбыры Шығыс Сібірден Қытайға тартылған. Ал “Сібір күші – 2” Батыс Сібір мен Ямалдағы бұрын Еуропаға кеткен газды Қытайға бұру үшін қажет. Бұл жоба Кремль үшін Батыс санкцияларынан кейін стратегиялық маңызға ие болды. Алайда сарапшылар жаңа келісімге қол қойылған күннің өзінде құбырды салуға кемі бес-алты жыл кететінін айтады. Ал толық қуатында жұмыс істеуі үшін он жылға жуық уақыт қажет болуы мүмкін.

Әлемдік эксперттер Дональд Трамптың саясаты Қытай мен Ресейдің позициясын күшейткенін де атап өткен. Ирандағы соғыс мұнай бағасын өсіріп, Ресей бюджетіне қосымша табыс әкелген. Сонымен қатар АҚШ-тың одақтастары азайып, Вашингтонның халықаралық беделі әлсірей түскені айтылған.

Бұған қоса, Трамптың Қытайға сапары да Бейжің үшін тиімді болғаны жазылған. Себебі АҚШ президенті Си Цзиньпиннен Иран мәселесі бойынша да, сауда және қауіпсіздік тақырыптарында да нақты нәтиже ала алмаған. Ақпарат көздерінде Си Цзиньпиннің тіпті Тайвань мәселесі бойынша АҚШ-қа қатаң ескерту жасап, Американы әлсіреп бара жатқан держава ретінде сипаттағаны айтылған.

Ал Путин үшін бұл сапардың тағы бір тиімді тұсы – Трамп Қытайдағы кездесулерінде Ресейдің Украинадағы соғысы мәселесін көтермеген. Кремль өкілдерінің мәліметінше, Путиннің Бейжіңдегі сапары барысында екіжақты қарым-қатынас пен халықаралық мәселелер талқыланады.

Еске салайық, Дональд Трамптың Қытайға сапары АҚШ пен Қытай арасындағы экономикалық байланысты жандандыру аясында өтіп жатыр. Бұл жолы Трамп Бейжіңге өзімен бірге Илон Маск, Тим Кук, Ларри Финк секілді америкалық ірі технологиялық компаниялар мен миллиардер бизнес өкілдерін де ала келді. Сарапшылар мұны Вашингтонның Қытаймен сауда және технология саласындағы ықпалын күшейту әрекеті ретінде бағалап отыр.

Айым Атамбаева
Сәрсенбі, 20 Мамыр, 2026 10:44