"Ұлдарымды әкесіз қалдырудан қорықтым": Актриса Сая Оразғалиева екінші күйеуімен неге ажырасқанын айтты
Қазақстандық актриса Сая Оразғалиева “Мамский әңгіме” подкастында екінші некесінің аяқталуына не себеп болғанын айтып, ажырасу туралы шешімді ұзақ уақыт қабылдай алмағанын жеткізді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Актрисаның сөзінше, оған қоғам мен туыстарының пікірі де әсер еткен. Алайда ажырасуға кедергі болған ең үлкен қорқынышы – балаларының әкесіз өсуі еді.
“Мен үшін ең үлкен қорқыныш – балаларды әкесіз қалдыру болды. Отбасымды сақтап қала алмадым, балаларым толық отбасында өспейді деген ой өзімді қатты кінәлауыма себеп болды”, – деді ол.
Сая Оразғалиева ажырасу туралы ойға бір күнде келмегенін айтады. Оның сөзінше, отбасылық өмір басталғаннан кейін ерлі-зайыптының бір-бірінен мүлде бөлек адамдар екенін түсіне бастаған.

Актриса екінші некесінің бастапқы кезінен-ақ қиындықтар болғанын жасырмады. Бұған оның бұған дейін ажырасқаны, баласының болуы, актриса әрі көпшілікке танымал адам екені және жұбайымен ұлтының бөлек болуы да әсер еткен.
“Бәрі басынан біз ойлағандай болмады. Ол жақта мені аса қуана қарсы алды деп айта алмаймын. Ажырасқан, баласы бар, көпшілікке танымал актрисамын. Оның үстіне ұлтымыз да бөлек болды. Кейін отбасын құрған соң екеуміздің өте бөлек екенімізді түсіне бастадым”, – дейді актриса.
Оның айтуынша, уақыт өте келе ерлі-зайыптының ортақ арманы мен болашаққа жоспарының жоғы анық байқалған. Тіпті саяхат пен күнделікті тұрмысқа қатысты көзқарастары да сәйкес келмеген.
“Бір кезде біздің ортақ арманымыз да, болашаққа жоспарымыз да жоқ екенін түсіндім. Тіпті саяхат мәселесінде де келісе алмайтынбыз. Оның менімен бақытты емес екенін, менің де онымен бақытты емес екенімді түсіндім. Бізге жай ғана басқа адамдар керек болды”, – деді Сая Оразғалиева.
Соған қарамастан актриса екінші некесіне өкінбейтінін атап өтті. Себебі бұл некеден оның балалары дүниеге келген.
Ол отбасын сақтап қалу үшін жұбайымен бірге отбасылық терапияға да барғанын айтты. Алайда бұл әрекет нәтиже бермеген.
“Бір-бірімізбен тіпті тіл табыса алмайтын жағдайға жеттік. Отбасылық терапияға да бардық, бірақ көмектеспеді. Сол кезде жағдайды тым ушықтырып алғанымызды, енді одан шығатын жол қалмағанын түсіндім”, – деді ол.
Актриса осы тәжірибеден кейін некеге дейін адамның күнделікті тұрмыста қандай екенін танып-білудің және болашақ жарының отбасымен алдын ала жақын танысудың маңызды екенін түсінгенін жеткізді.
Шоудың түсірілім тобы корей жұлдызының "аяқ асты" келуіне қатысты өтірік айтты деген айыптауларға жауап берді