Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Тоқаев Айбек Дәдебайды Құрылтай төрағасы қызметіне ұсынды

Құрылтай төрағасы
Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Айбек Дәдебайды Құрылтай төрағасы қызметіне ұсынды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Президент Конституцияға сәйкес билік институттарын жасақтау жұмысын бастау үшін бірқатар рәсім өткізілетінін алға тартты. 

"Ең алдымен, Құрылтайдың басшылық құрамын сайлап, құрылымын қалыптастыру қажет. Өздеріңізге мәлім, Конституцияның 57-бабына сәйкес Құрылтай Төрағасының лауазымына кандидатураны Президент ұсынады. Мен жауапкершілігі зор бұл лауазымға Айбек Арқабайұлы Дәдебайдың кандидатурасын ұсынамын. Сіздер бұл тұлғаны жақсы білесіздер. Ол мемлекеттік басқару жүйесінде көп жыл қызмет етті. Тәжірибесі мол деп айтуға болады. Өзінің білімді, отаншыл, адал азамат екенін нақты істерімен дәлелдеді. Сондықтан оны осы лауазымға лайық деп санаймын. Құрылтай депутаттарынан Айбек Арқабайұлы Дәдебайдың кандидатурасын қолдауды сұраймын", – деді ол. 

Мемлекет басшысы сонымен қатар Құрылтайдың құрылымы жасақталған соң Вице-Президент пен Премьер-Министрдің кандидатуралары бойынша ұсыныс енгізетінін алға тартты. 

“Содан кейін сіздермен ақылдасып, Үкімет мүшелерін тағайындаймын. Сонымен қатар жаңа лауазымды Қауіпсіздік Кеңесі төрағасының орынбасарын тағайындаймын. Құрылтай мен Үкімет құрамы толық айқындалған соң жыл сайынғы Қазақстан халқына Жолдауымды жариялаймын. Жолдауда көтерілген барлық бастаманы атқарушы және заң шығарушы билік өкілдері бірлесіп, уақтылы әрі сапалы жүзеге асыруға тиіс. Лауазымды тұлғалардың бәрі, әсіресе, қызметіне енді кірісетін азаматтар алдымызда тұрған ортақ мақсат-міндеттерді білуі керек", – деп қорытты Тоқаев. 

Айбек Дадебай 2001 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетін тәмамдаған. 2003 жылы аталған оқу орнының магистратурасын "Аймақтану" мамандығы бойынша бітіріп, магистр дәрежесін алған.

Еңбек жолын жоғары оқу орнында бастап, Қазақ мемлекеттік халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінің халықаралық туризм менеджменті кафедрасында оқытушы болып жұмыс істеген. Кейін Парламент Сенаты аппаратында қызмет атқарып, Сенаттың парламентаралық байланыстар және халықаралық ынтымақтастық бөліміне сарапшы, сондай-ақ Сенат төрағасының міндетін атқарушы көмекшісі болды.

Дадебай дипломатиялық қызметте де еңбек еткен. Қазақстанның Женевадағы БҰҰ жанындағы Тұрақты өкілдігінде атташе және үшінші хатшы қызметтерін атқарды. Бұдан бөлек, Парламент Сенаты төрағасының хатшылығы меңгерушісінің орынбасары және Қазақстан Республикасы Президенті Кеңсесі басшысының орынбасары қызметтерінде болды.

2021 жылғы мамырдан 2022 жылғы қаңтарға дейін Қазақстан Республикасы Президентінің Іс басқарушысының орынбасары қызметін атқарды. 2022 жылғы қаңтарда Президент Іс басқарушысы болып тағайындалды.

2024 жылғы 6 ақпанда Мемлекет басшысының Жарлығымен Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің басшысы қызметіне тағайындалды.

Айбек Дадебайдың дипломатиялық дәрежесі – II сыныпты кеңесші. "Құрмет" орденімен және "Ерен еңбегі үшін" медалімен марапатталған.

Еске салсақ, Тоқаев "Қазақстан Республикасының Үкіметі туралы" Жарлыққа қол қойып, үкіметті таратқан болатын

Гүлсезім Мұхатай
Жұма, 28 Тамыз, 2026 11:52