"Талап та, үміт те жоғары": Тоқаев Құрылтайдың алғашқы құрамына үлкен жауапкершілік артылатынын ескертті
Құрылтайдың алғашқы отырысында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сөз сөйлеп Құрылтайдың алғашқы құрамына үлкен жауапкершілік артылатынын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Президент сайлауда "Әділет" партиясы басым дауыспен жеңіске жеткенін еске салды. Сонымен қатар өзге де партиялар ұсынған бағдарламалардағы тың идеялар, тиімді ұсыныстар алдағы жұмыс барысында мұқият сараланатынын жеткізді.
“Сондықтан "Әділет" партиясына қойылатын талап та, артылатын үміт те, сенім де аса жоғары. Осы орайда, қоғамды ортақ мүддеге ұйыстырып, реформалардың қозғаушы күші болу өте маңызды. Бұл міндет ойдағыдай орындалады деп сенемін. Жалпы, Құрылтайдың алғашқы құрамына айрықша жауапкершілік жүктеледі. Депутаттар халықтың аманатына адал болып, мемлекет мүддесіне қызмет етуі керек. Бұл – анық ақиқат. Мұны ешқашан естен шығармау қажет”, – деп ескертті Тоқаев.
Мемлекет басшысы осы тұста Қазақстанның жаңа өрлеу кезеңіне қадам басқанын және биыл еліміздің болашағы үшін мән-маңызы зор көптеген тарихи оқиғалар болғанын алға тартты.

“Халқымыз аз уақыт ішінде бір ұлт болып көп жұмыс атқарды. Елімізде жалпыұлттық референдум арқылы ауқымды конституциялық реформа табысты жүзеге асырылды. Осылайша, біз нағыз Халық Конституциясын қабылдадық. Жаңа Конституцияның өз күшіне енуін төл тарихымыздағы аса маңызды бетбұрыс деп бағалауға болады. Соның нәтижесінде өсіп-өркендеуімізге жол ашатын мықты заңды негіз қалыптасты. Қазіргі заманның сын-қатерлеріне төтеп бере алатын мүлде жаңа саяси-құқықтық жүйенің іргетасы қаланды. Бұл жүйе мемлекет құрылымын толық жаңғыртып, билік институттарының тиімділігін арттырады. Сондай-ақ, азаматтарымыздың ел басқару ісіне атсалысуына нақты мүмкіндік береді", – деп қорытты ол.
Өзбекәлі Жәнібеков кім және Қазақстанда оның кесенесі неліктен тарих және мәдениет ескерткіші деп танылды