Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Тоқаев Үкіметті оставкаға жіберді

Тоқаев
Фото: Видеодан скриншот

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев "Қазақстан Республикасының Үкіметі туралы" Жарлыққа қол қойып, үкіметті таратты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Бірінші шақырылымдағы Құрылтайдың бірінші сессиясының алдында Тоқаев үкімет өз өкілеттігін тоқтатқанын мәлімдеді. Жаңа құрам бекітілгенге дейін қазіргі Үкімет міндетін атқара береді.

“Баршаңызға бірінші шақырылымдағы Құрылтайдың бірінші сессиясының ашылуы құтты болсын! Бүгін еліміз өзінің даму жолында аса маңызды кезеңге аяқ басты. Бұл – мемлекетіміз үшін мән-мағынасы айрықша оқиға, тарихи сәт. Біз ұлт жылнамасының жаңа парағын ашып отырмыз. Бүгін жалпыұлттық референдум кезінде Қазақстан халқы қолдаған жаңа Конституцияға сәйкес еліміздің бір палаталы заң шығарушы органы – Құрылтай ресми түрде өз жұмысына кіріседі. Бұл – мемлекетіміздің саяси жүйесінің жаңару үдерісі дәл осы күннен бастау алады деген сөз”, – деді президент.

Сөзінше, тарихымызда Құрылтайда мемлекеттік маңызы бар мәселелер кеңінен талқыланып, ортақ шешімдер қабылданған. Сол себепті бұл институттың жаңа кезеңде де жөні бөлек дейді.

“Құрылтай билік жүйесін түбегейлі жаңғыртады, бүкіл мемлекеттік аппараттың жұмысына тың серпін береді. Құрылтай ұлттық заңнама сапасын арттыру арқылы еліміздің құқықтық негізін нығайта түседі. Осы тарихи миссияны атқару сіздерге жүктеліп отыр. Құрылтайдың бірінші шақырылымының депутаты болу – ең алдымен, ерекше сәт. Бұл – үлкен бақыт деп айтсақ, қате болмас”, – деді Тоқаев.

Ол жаңа тұлғалар аса абыройлы атқа сай лайықты қызмет етеді деп сенетінін айтты.

Айта кетейік, бұған дейін Орталық сайлау комиссиясы Құрылтай сайлауының ресми қорытындысы жариялап, бес партия мандаттарды қалай бөлісетінін айтқан еді.

“Әділет” партиясы 145 депутаттық мандаттың 110-ына ие болмақ. Қалған партиялар арасында мандат төмендегідей бөлінеді:

  • "Ауыл" – 10 мандат;
  • Respublica – 9 мандат;
  • "Ақ жол" – 8 мандат;
  • Жалпыұлттық социал-демократиялық партия (ЖСДП) – 8 мандат.
Қырмызы Скендір
Жұма, 28 Тамыз, 2026 11:07