Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

1 қыркүйекте мұғалімдерге гүл мен сыйлық беруге болмайды – Оқу-ағарту министрлігі

мұғалімге гүл 1 қыркүйек
Фото: depositphotos.com

Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Шынар Ақпарова 1 қыркүйекте мектеп аумағында мұғалімдерге гүл және басқа да сыйлықтар тарту етуге жол берілмейтінін мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте Шынар Ақпарова журналистердің ата-аналардың мұғалімдерге гүл шоқ апаруы туралы сауалына жауап берді. 

"Біз тиісті хаттарды жергілікті атқарушы органдарға жолдадық. Мектеп қабырғасында гүл немесе қандай да бір сыйлық беруге болмайды. Мұны біз арнайы атап көрсеттік. Сондықтан бұған қажеттілік жоқ", –  деді вице-министр.

Осылайша, министрлік гүл шоғының рұқсат етілген құнына қатысты нақты сома атаған жоқ. Оқу-ағарту министрлігінің бұл түсіндірмесі сыйлықтарды мектеп аумағында беруге қатысты екенін атап өтті.

Сонымен қатар Вице-министрдің айтуынша, 1 қыркүйекте барлық мектеп сыныптарында бірыңғай сынып сағаттары өтеді. Ал колледждерде кураторлық сағаттар ұйымдастырылады. Олардың ұзақтығы шамамен 45 минут болады.

Еске салсақ, бұған дейін Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова мектеп бітіру кешінде мұғалімдерге гүл сыйлауға ресми түрде рұқсат беретін норманы енгізу мәселесін қарастырылатынын айтқан еді.

Гүлсезім Мұхатай
Жұма, 28 Тамыз, 2026 14:49