Оңтүстіккореялық шоудың түсірілім тобы Алматы әкімдігінің көмектескенін, бірақ ақша төлемегенін растады
Оңтүстік Кореяның MBC ұлттық телеарнасындағы миллиондаған көрермені бар "I Live Alone" танымал шоуының түсірілім тобы Қазақстандағы шығарылымға қатысты түсініктеме берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Шығарылымның басты кейіпкері – танымал оңтүстіккореялық тележүргізуші, комик, бағдарламаның жүргізушілерінің бірі Чон Хен Му. Ол Қазақстанға еш дайындықсыз сапарлағанын айтты. Тіпті, Алматыға ұшақ билетін әуежайда тұрып алған. Яғни, түсірілім қандай да бір келісімсіз, демеушісіз, жоспарсыз өтті.
Осы тұста Алматы әкімдігі Қазақстанға арналған түсірілімнің қалалық Туризм басқармасының қолдауымен ұйымдастырылып, арнайы шығарылымның 2026 жылы 14 тамызда эфирге шыққанын жария етті.
Екі жақтың мәлімдемесі қарама-қайшы болғандықтан көрермендер арасында “Кімдікі шындық?” деген сауал туды.
"I Live Alone" бағдарламасының түсірілім тобы өзінің сайтында Қазақстандағы шығарылымға қатысты жайттарды түсіндірді.
“Алматы қаласының Туризм басқармасы тарапынан бізге ешқандай қаржылай қолдау немесе өндірістік шығындарды өтеу бойынша көмек көрсетілген жоқ. Түсірілім жұмыстары барлық әкімшілік процесстерге сәйкес, жергілікті деңгейдегі қажетті ынтымақтастық пен өзара түсіністік аясында сәтті әрі кедергісіз өтті”, – делінген хабарламада.
Еске салайық, бағдарламада Чон Хён Му тығыз жұмыс кестесіндегі екі күн, бір түндік демалысын пайдаланып, нақты жоспарсыз әуежайға келеді. Ол сол жерде ұшу уақыты сәйкес келген Алматы бағытын таңдап, билет сатып алады.
Қазақстанға келгеннен кейін тележүргізуші қонақүй брондап, көлік жалдап, Алматыны аралаған. Яғни, көрерменге бүкіл сапар алдын ала дайындықсыз, аяқ астынан ұйымдастырылған саяхат ретінде ұсынылды.
Оңтүстіккореялық шоудың түсірілім тобы Алматы әкімдігінің көмектескенін, бірақ ақша төлемегенін растады
