Оңтүстік Кореялық тележұлдыз Қазақстанға келіп, жанкүйерлердің ашуын тудырды
Оңтүстік Кореяның Қазақстандағы елшілігі елге келетін кореялық туристерге көлік жүргізу тәртібін түсіндіріп, арнайы ескерту жариялады. Бұған танымал тележүргізуші Чон Хён Мудың Алматыға сапары төңірегінде туған дау себеп болған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Sedaily.com-ға сілтеме жасап хабарлайды.
Дау MBC телеарнасындағы танымал “I Live Alone” бағдарламасының 14 және 21 тамызда көрсетілген шығарылымдарынан кейін басталды.
Бағдарламада Чон Хён Му тығыз жұмыс кестесіндегі екі күн, бір түндік демалысын пайдаланып, ешқандай нақты жоспары жоқ күйде әуежайға келеді. Ол сол жерде ұшу уақыты сәйкес келген Алматы бағытын таңдап, билет сатып алады.
Қазақстанға келгеннен кейін тележүргізуші қонақүй брондап, көлік жалдап, Алматыны аралаған. Яғни көрерменге бүкіл сапар алдын ала дайындықсыз, аяқ астынан ұйымдастырылған саяхат ретінде ұсынылған.
Алайда эфирден кейін әлеуметтік желі қолданушылары сапардың тым “сәтті” өткеніне назар аударды. Ұшақ билетін сатып алу, қонақүй табу және көлік жалдау секілді процестердің еш қиындықсыз жүзеге асуы көрермендердің күдігін туғызған.
Көлік жалдауы күдікті күшейтті
Ең көп сұрақ Чон Хён Мудың Алматыда көлік жалдап, өзі жүргізуіне қатысты туындады.
Оңтүстік Кореяның Қазақстандағы елшілігі Қазақстанда көлік жүргізгісі келетін оңтүстіккореялық азамат өз елінде берілген жүргізуші куәлігінің түпнұсқасын және оның орыс тіліне нотариалды куәландырылған аудармасын бірге алып жүруі керегін түсіндірді.
Тіпті халықаралық жүргізуші куәлігі болған жағдайда да оңтүстіккореялық жүргізуші куәлігінің түпнұсқасы мен нотариалды аудармасы қажет.
Осы талап белгілі болғаннан кейін көрермендер: егер Чон Хён Му Қазақстанға баруды әуежайда ғана шешсе, қажетті құжаттарды алдын ала дайындамай Алматыда көлікті қалай жалдап, жүргізген деген сұрақ қоя бастады.

Оңтүстік Корея елшілігі арнайы ескерту жариялады
Дау қызған тұста Оңтүстік Кореяның Қазақстандағы елшілігі 25 тамызда “Қазақстанға қысқа мерзімге келген азаматтардың жергілікті жерде көлік жүргізуіне қатысты нұсқаулық” жариялады.
Елшілік жүргізуші куәлігінің орыс тіліндегі нотариалды аудармасын Қазақстандағы нотариус арқылы немесе Оңтүстік Кореяның Қазақстандағы елшілігі мен Алматыдағы Бас консулдығында рәсімдеуге болатынын түсіндірді.
Егер азамат дипломатиялық өкілдікке жүгінсе, өтініш бергеннен құжат дайын болғанға дейін шамамен жарты күн қажет болады. Сондықтан елшілік туристерге бұл уақытты сапар жоспарына алдын ала енгізуге кеңес берді.
Сондай-ақ кореялық азаматтарды Қазақстанда жүрген кезде жергілікті заңдарды сақтауға, жеке қауіпсіздікке мұқият болуға шақырды.
Бағдарлама: “Сапар эфирде қалай көрсетілсе, солай өтті”
Дауға байланысты “I Live Alone” бағдарламасының түсірілім тобы ресми түсініктеме берді.
Олардың мәліметінше, Чон Хён Мудың Қазақстанға сапары шынымен де бағдарламада көрсетілгендей аяқ астынан ұйымдастырылған.
Түсірілім тобы тележүргізушінің Қазақстанға ұшар алдында әуежайда жергілікті көлік жалдау компаниясы сұратқан халықаралық жүргізуші куәлігі мен төлқұжатын жібергенін, кейін сол құжаттармен Алматыда көлік жалдағанын айтты.
Алайда бағдарлама эфирге шыққан соң көрермендер Қазақстанда көлікті қалай жалдауға болатынын сұрай бастаған. Осыдан кейін түсірілім тобы Оңтүстік Кореяның Қазақстандағы елшілігіне хабарласып, жүргізуші куәлігінің орыс тіліне нотариалды аудармасы бөлек қажет екенін кейін ғана анықтаған.
Бағдарлама өкілдерінің сөзінше, елшілік бұған дейін де осы талапты білмеген оңтүстіккореялық азаматтар қиындыққа тап болғанын жеткізген. Осыған байланысты дипломатиялық өкілдік туристерге ескерту жариялауға шешім қабылдаған.
Түсірілім тобы бұл мәселе үшін кешірім сұрап, алдағы уақытта ақпаратты мұқият тексеруге уәде берді.

Алматының мәлімдемесі дауды одан әрі күшейтті
Көлік мәселесінен бөлек, тағы бір қайшылық пайда болды.
“I Live Alone” өкілдері Чон Хён Мудың Қазақстандағы сапарына байланысты ешқандай түсірілім қолдауы немесе демеушілік алмағанын мәлімдеді.
Алайда Алматы қаласының ресми сайтында Чон Хён Мудың Алматыдағы түсірілімі қалалық туризм бюросының қолдауымен жүргізілгені туралы ақпарат жарияланған.
Қолдаудың нақты қалай көрсетілетіні айтылмаған. Дегенмен бағдарлама мен Алматы тарапының мәлімдемелеріндегі айырмашылық сапар алдын ала ұйымдастырылған болуы мүмкін деген күдікті күшейтті. Оңтүстіккореялық БАҚ бұл жағдайды екі тараптың сөзі бір-біріне қайшы келген “шындық үшін тартыс” ретінде сипаттап жатыр.
Әріптесі Чон Хён Муды қорғап шықты
Дау жалғасып жатқанда Чон Хён Мумен бұрын “Moo No Plan” бағдарламасының бірінші маусымында бірге жұмыс істеген продюсер Шим Хён Джун тележүргізушіні қорғап шықты.
Ол Чон Хён Мудың ештеңе жоспарламай, аяқ астынан сапарға шығуы бұрыннан қалыптасқан әдет екенін айтты.
Продюсер бірнеше жыл бұрын екеуінің ешқандай нақты жоспарсыз Намхэ бағытына жолға шыққанын еске алған. Жол барысында олар Чиндоға соғып, кейін танымал әнші Сон Га Иннің ауылына дейін барған. Тіпті сол жерде әншінің әкесімен кездейсоқ кездескен.
Шим Хён Джунның айтуынша, сапар басында ештеңе жоспарланбағандықтан, күтпеген оқиғалар көп болып, саяхат одан сайын қызықты өткен.
Продюсер Чон Хён Мумен Жапонияның Фукуока қаласына да дәл осылай аяқ астынан барғанын айтты.
Оның сөзінше, тележүргізуші кейде ел ішінде, кейде шетелге ешқандай нақты жоспарсыз жолға шыға береді. Тіпті қонатын жер таба алмай, қолайсыз жағдайға тап болған кездері де болған. Бірақ Чон Хён Му мұндай сәттердің өзін саяхаттың бір бөлігі ретінде қабылдайды.
Сондықтан продюсер үшін оның Алматыға жоспарсыз аттануы ерекше немесе күмәнді жағдай болып көрінбеген.
Дау әлі басылған жоқ
Чон Хён Му бұған дейін де көптеген бағдарламаға қатар қатысатын тығыз жұмыс кестесінен босай қалған күндері тосыннан сапарға шығып, осылайша демалатынын айтқан.
Оны бұрыннан білетін әріптестерінің мәлімдемесінен кейін Қазақстанға сапардың шынымен аяқ астынан басталған болуы мүмкін деген пікірлер де айтыла бастады.
Дегенмен көрермендердің негізгі сұрақтары әлі де жауапсыз қалып отыр. Атап айтқанда, алдын ала дайындықсыз сапарда көлік жалдауға қажетті құжаттар мәселесі қалай шешілгені және Алматының туризм бюросы түсірілімге нақты қандай қолдау көрсеткені толық түсіндірілген жоқ.
“I Live Alone” түсірілім тобы Қазақстандағы сапарға байланысты демеушілік немесе түсірілім қолдауын алмағанын қайталап, көрермендерден кешірім сұрады және алдағы уақытта бағдарлама әзірлеу кезінде мұндай мәселелерге мұқият қарайтынын мәлімдеді.
Бес жыл бұрын облыс әкімінің қолынан баспана кілтін алған қазақстандық параспортшы пәтерін жалдап тұрып жатыр
