Қазақстанда QR және цифрлық теңгемен жасалатын төлемдерді құн салығынан босату ұсынылды
Қазақстанда QR, телефон нөмірі арқылы аударым және цифрлық теңге көмегімен жасалатын төлемдерді қосылған құн салығынан босату ұсынылды. Егер бастама қолдау тапса, оларға банк картасымен жасалатын операциялар сияқты салықтық жеңілдік қолданылмақ. Ұсыныс Ұлттық экономика министрлігінің басшылығымен өткен Жобалық кеңсенің отырысында талқыланды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Қазір төлем карталарымен жасалатын операцияларға қосылған құн салығы бойынша жеңілдік қолданылады. Қаржы реттеушілері бұл жеңілдікті қолма-қол ақшасыз төлемдердің басқа түрлеріне де тарату мүмкіндігін ұсынды.

Олардың қатарында QR арқылы төлем жасау, телефон нөмірі арқылы ақша аудару, электронды ақша және цифрлық теңге бар.
Мұндай ұсыныстың себебі – қазақстандықтардың төлем жасау тәсілдері айтарлықтай өзгерген. Қолма-қол ақшасыз төлемдердің жаңа түрлері кеңінен қолданылып, QR мен мобильді аударымдар күнделікті есеп айырысудың бір бөлігіне айналды. Сондықтан қаржы реттеушілері қолма-қол ақшасыз төлемдердің барлық түріне бірдей жағдай жасауды ұсынады.
Алайда бұл жеңілдік әзірге енгізілген жоқ. Серік Жұманғарин заманауи төлем құралдарының дамуын оң бағалағанымен, ұсыныстың экономикалық тиімділігін нақты есептеу қажет екенін айтты.
Осыған байланысты мәселені Қаржы министрлігі, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі және Ұлттық банкпен бірлесіп қосымша пысықтау туралы шешім қабылданды. Сонымен қатар заңнамадағы тиісті нормаларды нақтылап, ұсыныстың экономикалық әсері бойынша есеп әзірлеу тапсырылды.
Жиында табысы төмен кен орындарын игеретін компанияларға пайдалы қазбаларды өндіруге салынатын салықты нөлдік мөлшерлемемен қолдану мәселесі қаралды. Осы тәртіпті енгізу үшін Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне 2025 жығы 18 желтоқсандағы №1102 Үкімет қаулысына өзгеріс енгізу тапсырылды.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда азық-түлік құны не себепті аспандап кеткені туралы жазған едік.
Бес жыл бұрын облыс әкімінің қолынан баспана кілтін алған қазақстандық параспортшы пәтерін жалдап тұрып жатыр