"ҚҚС-ның көтерілуімен байланыстырмайық": Қазақстанда азық-түлік құны не себепті аспандап кетті

Фото: primeminister.com
Мәжіліс кулуарында Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин қараша және желтоқсан айларымен салыстырғанда елде азық-түлік неге қатты қымбаттап кеткенін түсіндірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Ұлттық экономика министрінің айтуынша, азық-түліктің қымбаттауы тек қосылған құн салығына байланысты емес.
“Білесіздер, біз өзімізді барлық азық-түлікпен толық қамтамасыз ете алмаймыз. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бойынша өзімізді 70-90% деңгейінде қамтып отырмыз. Тек әлеуметтік маңызы бар өнімдерді ғана емес, өзге де тауарларды тұтынатындар олардың импорттық болуы мүмкін екенін түсінуі керек. Қазір бүкіл әлемде азық-түлік бағасы өсіп жатыр. Былтыр, мысалы, FAO индексі күнбағыс майы бойынша 124 болды, сүттің бағасы айтарлықтай өсті, ет бағасы да қатты өсті. Бұл нені білдіреді? Яғни, экспорттық бағытта біздің өнімдерге сұраныс арта бастайды деген сөз”, – деді Серік Жұманғарин.
Министрдің сөзінше, азық-түлік бағасының өскені Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлемде сезіліп отыр.
“Азық-түлік бағасының өскені әлем бойынша сезіліп отыр. Әлемдік нарықта сүт пен ет айтарлықтай қымбаттады. Соның салдарынан қазақстандық өнімдер экспорттық нарықта сұранысқа ие бола бастады. Біздің фермерлер өнімдерін экспортқа сатқысы келеді. Өйткені ол жақта баға жоғары. Біз оларға ішкі нарықта сатуды ұсынғанда, олар маржасын сақтағысы келетінін айтып, бағаны көтеруге мәжбүр болатынын жеткізді”, – деді министр.
Оның айтуынша, мемлекет фермерлерге өнімді шетелге сатуға тыйым сала алмайды. Өйткені мұндай шектеу саланың бизнес үшін тартымдылығын төмендетіп, ауыл шаруашылығының дамуына кері әсер етуі мүмкін.
Министр бағаның өсуіне әсер ететін тағы бір фактор ретінде "импорттық инфляцияны" атады.
“Қаңтар айының қорытындысы бойынша Қазақстанда азық-түлік инфляциясы 0,8% болса, Ресейде бұл көрсеткіш шамамен 2% болған. Ал Қазақстанға жеткізілетін азық-түліктің едәуір бөлігі дәл осы Ресейден келеді. Жалпы азық-түлік бағасының өсуін тек қосылған құн салығының 4%-ға көтерілуінен көру дұрыс емес. Өнім бағасына бірқатар фактор жиынтығы әсер етеді”, – дейді министр.
Министрдің пікірінше, бұл мәселені шешудің негізгі жолы отандық өндірісті дамыту және ішкі нарықты жергілікті өніммен қамтамасыз ету. Қазір мемлекет осы бағытта белсенді жұмыс жүргізіп жатыр.
Қазақстанда көпбалалы әйелдерге 8 наурызға орай 43 мың теңгеге дейін біржолғы төлем беріледі