Бес жыл бұрын облыс әкімінің қолынан баспана кілтін алған қазақстандық параспортшы пәтерін жалдап тұрып жатыр
Осыдан бес жыл бұрын Атырауда Токио Паралимпиадасының күміс жүлдегері, дзюдошы Ануар Сариевке облыстың сол кездегі әкімі Махамбет Досмұхамбетов пәтер кілті мен "Toyota" автокөлігінің кілтін табыс еткен еді. Алайда спортшының осы күнге дейін пәтер үшін жалдау ақысын төлеп келгені белгілі болды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
2021 жылы 8 қыркүйекте Атырау облысының сол кездегі әкімі Махамбет Досмұхамбетов Жапония елінің Токио қаласында өткен 16-шы жазғы паралимпиадаға қатысқан спортшыларды марапаттады. Қазақстандық параспортшылар доданы бес медальмен аяқтады: пауэрлифтер Давид Дегтярев алтын жүлдеге ие болды, жүзгіш Нұрдаулет Жұмағали қола ұтып алды, ал үш күмісті қоржынға атыраулық парадзюдошылар Ануар Сариев, Теміржан Дәулет және Зарина Байбатина салды.
Атырауға келген спортшыларға сол кездегі әкім Махамбет Досмұхамбетов 1 миллион теңгеден табыстады. Алаңға жиналған қатысушыларға тағы да бір миллион теңгеден берілді. Күміс жүлдегерлер Ануар Сариевке, Теміржан Дәулетке және Зарина Байбатинаға өңір басшысы су жаңа "Toyota" автокөліктерінің кілті мен Атыраудан пәтер сертификаттарын табыс еткен еді. Ал бас бапкер Жандос Қияновқа аймақ басшысы 4 миллион теңгенің сертификатын табыстады.
Алайда бес жыл өткен соң Ануар Сариевтің өзіне берілген пәтерді жалдап тұрып жатқаны туралы ақпарат тарады.
“Бес жыл өтсе де, спортшы бұл пәтердің жалдау ақысын әлі күнге дейін төлеп жүргені анықталды. Себебі пәтер оның атына сол күйі рәсімделмеген”, – делінген жазбада.
Stan.kz редакциясы Атырау облысы дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасына сұрау жіберді. Басқарма спортшының тұрғын үйде жалға алу шарты бойынша тұрып жатқанын хабарлады.
“Қазір ол сонда жалға алу шарты бойынша тұрып жатыр. Мұндай тұрғын үйлерді беру Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасында бекітілген тәртіппен реттеледі. “Дене шынықтыру және спорт туралы” Заңының 47-бабына сәйкес, баспана коммуналдық тұрғын үй қорынан өтемсіз пайдалануға беріледі және белгіленген мерзім өткесін заңдағы тәртіппен меншікке өтеусіз беріледі. Заңдағы тәртіп бойынша бастапқыда баспана тұруға беріледі, ал кейін белгіленген мерзім мен шарттар сақталған жағдайда тұрғынның меншігіне өтеді”, – деп мәлімдеді ведомство.
Келісім шартқа сәйкес, қазір спортшы пәтерді пайдаланғаны үшін ай сайын 14 348 теңге төлейді. Басқарма бұл төлемнің сатып алу үшін төленетін ипотека немесе пәтердің бағасы емес екенін атап өтті.
“Бұл сома тұрғын үйді жалдаудың типтік шартының талаптарында көзделген және шарттың қолданыс мерзімінде тұрғын үйді пайдаланғаны үшін төленеді. Бұл төлемақы пәтердің құны немесе оны сатып алу бағасы болып саналмайды. Ануар Сариев тұрғын үймен қамтамасыз етілген және сонда тұрып жатыр. Ал меншік құқығы заңнама талаптарына және белгіленген мерзімге сай рәсімделеді”, – делінген басқарма жауабында.
Дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасының мәлімдемесіне сәйкес, жалдау шарты мен ай сайынғы төлемақының болуы баспана берудің заңнамасында бекітілген тәртіп және ол пәтер беру мәселесі шешілмеген деген сөз емес.
Бес жыл бұрын облыс әкімінің қолынан баспана кілтін алған қазақстандық параспортшы пәтерін жалдап тұрып жатыр