"Ұмай" қайта іске қосылады: Әйелдер ипотекасына өтінім қабылдау 31 тамызда басталады
“Отбасы банк” әйелдерге арналған “Ұмай” ипотекалық бағдарламасына өтінімдерді 31 тамыздан бастап қабылдайды. Несие бойынша ең жоғары сома – 50 миллион теңге, ал бастапқы жарна 15%-дан басталады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Бағдарлама баспана сатып алғысы келетін әйелдерге арналған. Әйелдің атында басқа жылжымайтын мүліктің болуы жаңа үй алуға кедергі келтірмейді. Пәтерді Қазақстанның кез келген қаласынан сатып алуға болады, яғни тіркелген мекенжайға қатысты шектеу жоқ.

“Ұмай” бағдарламасын Азия даму банкі қаржыландырады. Қаражат кезең-кезеңімен бөлінеді. Оның алғашқы 9 миллиард теңге траншы “Отбасы банкіне” аударылған.
“Отбасы банкі” басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимованың айтуынша, бағдарлама қазақстандық әйелдер арасында сұранысқа ие болған.
“Бағдарлама іске қосылған алғашқы үш жылда 3 600-ден астам қазақстандық әйел қоныстойын тойлады”, – деді Ибрагимова.
Ипотеканы кімдер ала алады?
Несие алушының төлем қабілетін растау үшін соңғы алты айдағы ресми табысы ескеріледі. Бұл ретте отбасының орташа айлық таза табысы 1,25 миллион теңгеден аспауы керек.
Несие мөлшерлемесі – жылдық 14,8%, ал жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі (ЖТСМ) 16,3–16,8% аралығында болады. Қарыздың ең жоғары сомасы – 50 миллион теңге.
Бастапқы жарна мөлшері қалаға байланысты:
- Астана мен Алматыда – кемінде 20%;
- Қазақстанның басқа қалаларында – кемінде 15%.
Бастапқы жарнаны қарыз алушы өз қаражаты есебінен сатушыға өзі төлеуі керек.
Тағы бір маңызды талап бар. Банк несие сомасын пәтердің сатып алу бағасы мен бағалаушы анықтаған құнның қайсысы төмен болса, соған қарай есептейді. Мысалы, Алматыдағы пәтердің бағасы 32 миллион теңге болғанымен, бағалаушы оның құнын 30 миллион теңге деп анықтаса, банк несиені 30 миллион теңге негізінде есептейді. Бастапқы жарна 20% болған жағдайда, банк 24 миллион теңге несие береді. Ал қалған 6 миллион теңгені әйел өз қаражатынан төлейді.
Қандай баспана сатып алуға болады?
“Ұмай” бағдарламасы арқылы:
- дайын бастапқы тұрғын үйді;
- құрылысы жүріп жатқан баспананы – Қазақстандық тұрғын үй компаниясының кепілдігімен немесе сақтандыру құралы арқылы;
- 2016 жылдан бері салынған екінші нарықтағы тұрғын үйді сатып алуға болады.
Бастапқы нарықтағы баспананы банкке тиесілі Baspana Market маркетплейсі арқылы таңдап, сатып алу қажет. Пәтер әйелдің атына рәсімделеді. Егер қарыз алушы некеде болса, баспана ерлі-зайыптылардың ортақ мүлкі ретінде рәсімделеді. Сонымен қатар несиеге қосалқы қарыз алушы тартуға болады.
Жөндеуге де несие алуға болады
“Ұмай” бағдарламасы аясында қарыз алушы өзі тұрып жатқан үйін жөндеуге де несие ала алады. Оның ең жоғары сомасы – 15 миллион теңге.
Мөлшерлемені 5%-ға дейін төмендетуге болады
Депозитте қарыз сомасының 50%-ы жиналған соң, әйелдер 5%-ға дейінгі мөлшерлемемен тұрғын үй несиесін рәсімдей алады. Бұл несие жүйенің стандартты талаптарын – депозиттің үш жыл тұруын, қарыз сомасының 50%-ын жинауды және бағалау көрсеткішінің 16-ға жетуін күтпей-ақ алуға мүмкіндік береді. Ай сайынғы төлемнің бір бөлігі банкке сыйақы төлеуге, қалған бөлігі депозитті толықтыруға жұмсалады.
Депозитте қарыз сомасының 50%-ы жиналған соң, қарыз алушы жылдық мөлшерлемесі 5%-ға дейінгі тұрғын үй несиесіне ауыса алады. Бұл кезеңдегі жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі 5,1–6,9% болады. Депозитте ақша неғұрлым көп жиналса, төмен мөлшерлемеге соғұрлым тезірек ауысуға болады.
Депозиттегі қаражатқа банк 2% сыйақы есептейді. Оған қоса мемлекет тарапынан 20% көлемінде сыйлықақы беріледі. Ол 200 АЕК-тен (865 мың теңге) аспайтын жинақ сомасына есептеледі.
Ай сайын қанша төлеу керек?
“Отбасы банк” құны 30 миллион теңге болатын пәтерді мысал ретінде келтірді.
Егер депозитте жинақ болмаса:
- пәтер құны – 30 миллион теңге;
- бастапқы жарна – 6 миллион теңге;
- несие сомасы – 24 миллион теңге;
- алғашқы 10 жылдағы ай сайынғы төлем – шамамен 387,2 мың теңге.
Егер депозитте 2,4 миллион теңге жинақ болса:
- бастапқы жарна – 6 миллион теңге;
- несие сомасы – 24 миллион теңге;
- депозиттегі жинақ – 2,4 миллион теңге;
- ай сайынғы төлем – шамамен 365,6 мың теңге.
Демек екінші жағдайда ай сайынғы төлем шамамен 21,6 мың теңгеге аз болады. Кейін тұрғын үй заемына ауысқанда мөлшерлеме мен ай сайынғы төлем де төмендейді. Алайда нақты сома депозиттің талаптары мен басқа да параметрлерге байланысты есептеледі.
Өтінімді қалай беруге болады?
Өтінімді “Отбасы банк” сайтындағы “Бейнеқызмет көрсету” сервисі немесе Baspana Market-тегі жеке кабинет арқылы онлайн беруге болады. Онлайн өтінім берген кезде электрондық құжаттардың өзі жеткілікті. Сонымен қатар өтінімді банк бөлімшесіне барып та рәсімдеуге болады.
“Ұмай” бағдарламасы алғаш рет 2021 жылы Азия даму банкімен бірлесіп іске қосылған. Ол кезде бағдарламаға 38 миллиард теңге бөлініп, үш жыл ішінде 3 661 қазақстандық әйел баспаналы болған.
Айта кетейік, бұған дейін Отбасы банк “Ұмай” әйелдер ипотекасын қашан іске қосатынын хабарлаған еді.
Бес жыл бұрын облыс әкімінің қолынан баспана кілтін алған қазақстандық параспортшы пәтерін жалдап тұрып жатыр