СҚО-да лицензиясыз қарыз берген ер адам сотталды: Оның 774 миллион теңге табысы тәркіленді
Солтүстік Қазақстан облысында лицензиясыз кәсіпкерлік және микроқаржылық қызметпен айналысқан азамат 2 жылға бас бостандығын шектеу жазасына сотталды. Тергеу барысында оның лицензиясыз қарыз берген 78 фактісі анықталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Қаржы мониторинг агенттігі мәліметінше, Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаменті жүргізген тергеу барысында ер адамның азаматтарға лицензиясыз жүйелі түрде қарыз бергені анықталды. Оның заңсыз қарыз беруіне қатысты 78 факт тіркелген. Қарыз алушылардың басым бөлігі ақшаға мұқтаж болып, банктен несие ала алмаған азаматтар болған.

Тергеу мәліметінше, күдікті қарыз беру үшін екі түрлі тәсіл қолданған. Бірінші жағдайда қарыз шарты нотариус арқылы рәсімделген. Алайда құжатта мәміленің нақты талаптары көрсетілмеген. Құжаттағы сомаға қарыз алушыға берілген ақша мен қарызды пайдаланғаны үшін есептелген пайыздар қосылған. Қарыздың қайтарылуын қамтамасыз ету үшін азаматтардың мүлкі кепілге қойылған.
Екінші жағдайда қарыз беру сатып алу-сату шарты ретінде рәсімделген. Бұл ретте мүлік үшін ақша іс жүзінде берілмеген. Мүлік қарыздың кепілі ретінде пайдаланылған. Қарыз толық қайтарылған соң шарт бұзылып, мүлік иесіне қайтарылған. Осылайша, заңды келісім сияқты рәсімделгенімен, іс жүзінде азаматтарға мүлкін кепілге қойып, пайызбен қарыз беріп отырған.
Тергеу мәліметінше, заңсыз қызмет нәтижесінде 774 миллион теңге қылмыстық жолмен келген табыс алынған. Бұл қаражатқа қымбат активтер сатып алынған.
Сот үкімімен мемлекет кірісіне алты пәтер, Toyota RAV4 автокөлігі, Kawasaki KLX250 мотоциклі және құны 280 миллион теңге болатын бағалы қағаздар тәркіленді.
Сот Ростовщиков Е.В.-ны 2 жылға бас бостандығын шектеу жазасына кесті. Сот үкімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.
Айта кетейік, бұған дейін 9 миллиард теңгені жымқырған Sax Invest қаржы пирамидасының ұйымдастырушылары сотталғаны туралы жазған едік.
LRT, кептеліс және студенттер ағыны: Алматы көлік жүктемесін қалай көтермек?