Павлодарда әйелді зорлап, өлтірген ер адам 14 жылдан кейін ДНҚ арқылы анықталды
Павлодар облысында 14 жыл бұрын жасалған ауыр қылмыс ДНҚ сараптамасының көмегімен ашылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Қылмыс 2012 жылы болған. Бау-бақша қоғамдастығының аумағында 62 жастағы әйел зорланып, кейін өлтірілген. Сол кезде полиция қылмыс жасаған адамды анықтай алмаған.
Алайда арада жылдар өткеніне қарамастан, істі тергеу аяқталмады. Жедел қызметкерлер мен криминалистер жиналған материалдарды қайта қарап, заманауи сараптама мүмкіндіктерін пайдаланды.

Нәтижесінде күдіктінің ізіне түсті. Ол – 1964 жылы туған, бұрын сотталған ер адам. ДНҚ сараптамасы оның қылмысқа қатысы барын растаған.
Полиция мәліметінше, күдікті кінәсін мойындады. Қазір ол ұсталып, сот санкциясымен қамауға алынды.
Ішкі істер министрлігі бұрын ашылмай қалған қылмыстарды қайта тергеу жұмыстары жалғасатынын мәлімдеді.
Еске салайық, бұған дейін қазақстандық 300 мың теңге ұрлағаны үшін 19 жылдан кейін жазаланбақ екені хабарланған еді. 2007 жылы Атбасарда шаруа қожалығы иесінің көлігінен 300 мың теңге ұрланған еді. Сол кезде күдікті табылмағанымен, оқиға орнынан алынған саусақ іздері деректер базасында сақталған.
Биыл полиция назарына түскен жергілікті тұрғынның саусақ ізі 2007 жылғы ұрлық орнынан табылған іздермен сәйкес келген. Ер адам кінәсін мойындады.
LRT, кептеліс және студенттер ағыны: Алматы көлік жүктемесін қалай көтермек?