Ақмола облысында 300 мың теңге ұрлаған күдікті 19 жылдан кейін әшкере болды

Ақмола облысында полицейлер шамамен 20 жыл бұрын жасалған ақша ұрлығын ашты. Күдіктінің ізіне 2007 жылы оқиға орнынан алынған саусақ іздері арқылы түсу мүмкін болған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Қылмыс 2007 жылғы қарашада Атбасар қаласында жасалған. Жәбірленуші – шаруа қожалықтарының бірінің иесі. Оның гаражда тұрған көлігінен 300 мың теңге ұрланған. Ол уақыт үшін бұл едәуір ірі сома саналған.
Жәбірленуші полицияға арызданғаннан кейін тәртіп сақшылары қажетті жедел-іздестіру шараларын жүргізген. Алайда күдіктіні сол кезде бірден анықтау мүмкін болмаған. Дегенмен криминалистер оқиға орнын мұқият қарап, саусақ іздерін алып, оларды деректер базасында сақтап қойған.
Көп жыл бойы бұл қылмыстық іс ашылмай келді. Алайда биыл көктемде атбасарлық жедел уәкілдер күдіктінің ізіне қайта түсті. Жергілікті тұрғын полиция назарына есірткі қылмысына қатысты дерек бойынша іліккен.
Тергеу барысында ер адамнан саусақ іздері алынған. Криминалистикалық есеп бойынша тексеру кезінде олардың шамамен 20 жыл бұрынғы ұрлық орнынан табылған іздермен толық сәйкес келетіні анықталды.
Қазір ер адамның бұл қылмысқа қатысы бар екені белгілі болды. Ол кінәсін мойындап, жауап берген.
Полиция өкілдерінің айтуынша, бұрынғы ашылмай қалған қылмыстарды анықтау және жазаның бұлтартпастығы қағидатын жүзеге асыру жұмыстары ерекше бақылауда.
"Даму мен экологияны бір-біріне қарсы қоюға болмайды": Алматылықтарға болашақ Superski курортының маңызы түсіндірілді
Оқыңыз