LRT, кептеліс және студенттер ағыны: Алматы көлік жүктемесін қалай көтермек?
Алматыда LRT құрылысына байланысты жолдар қазылып, кептеліс күшейіп, тұрғындардың наразылығы арта түсті. Бір айдан астам уақыт бұрын қазылған кейбір жолдар әлі жабылмаған күйі тұр. Осы ретте Stan.kz әкімдіктен кептелісті азайту үшін қандай шаралар қабылданып жатқанын және студенттер ағыны көбейген кезде қала қоғамдық көлік жүйесі бұл жүктемені қалай көтеретінін сұрап білдік.
Айта кетейік, Алматы қаласы Экономика және қаржы басқармасының басшысы Бауыржан Құдайбергенов мәслихат сессиясында LRT жобасының алғашқы кезеңін іске асыруға 61,4 млрд теңге қарастырылған атап өтті. Оның айтуынша, ұзындығы 18,3 шақырымды қамтитын LRT жобасының алғашқы кезеңін 2027 жылдың желтоқсанына дейін аяқтау жоспарланып отыр.
Алғашқы желі Алатау ауданындағы индустриялық аймақтан басталып, Бауыржан Момышұлы мен Төле би көшелері арқылы Абылай хан даңғылына дейін жетеді. Одан әрі бағыт "Алматы-2" теміржол вокзалы мен "Райымбек батыр" көлік-логистикалық торабына жалғанады.
Жобаны жүзеге асыру жұмыстарына "Integra Construction KZ" ЖШС тартылған. Қазір компания құрылыс басталатын аумақтағы инженерлік желілерді қайта құру, күшейту және дренаж жүйесін жүргізу жұмыстарын атқарып жатыр.
LRT (жеңіл рельсті көлік) аялдамаларда қуатталып, бүкіл маршрут бойына контакт желісін тартуды қажет етпейді. Алдын ала есеп бойынша, қажетті жылжымалы құрамды дайындауға бір жылдан екі жылға дейін уақыт кетуі мүмкін. Жоба бойынша LRT толықтай жер үстімен жүреді.

Эстакада салынбайды. Желі бойында барлығы 34 жолаушылар платформасы болады:
- Төле би көшесінде – 19 станция;
- Бауыржан Момышұлы көшесінде – 10 станция;
- Абылай хан даңғылында – 5 станция.
Төле би көшесінде және Бауыржан Момышұлы бойында құрылыс жалғасып жатыр, ендігі кезек – Абылай хан даңғылы.
"Момышұлы көшесінің бойы әзірге тек қазылған күйі тұр"
LRT құрылысы жүріп жатқан Момышұлы көшесінің маңында тұратын Айбектің айтуынша, жолдың қазылғанына бір айдан асқанымен, бұл аумақта күндіз құрылыс жұмыстарының белсенді жүріп жатқанын байқау қиын.
"LRT-ға байланысты жол қазылғанына бір айдан асты. Төле би көшесінің бойында жұмыс белсенді жүріп жатқан сияқты, ал Момышұлы көшесінің бойы әзірге тек қазылған күйі тұр. Мүмкін, жұмыс көбіне түнгі уақытта жүргізілетін шығар", – дейді Айбек.
Ол қоғамдық көлікпен қатынайтындықтан, құрылыс өзіне айтарлықтай қиындық туғызбағанын айтады. Алайда көлік жүргізушілері үшін жағдай қиындаған.
"Меніңше, жолдарды тым ерте қазып тастаған сияқты. Бәрін бірден емес, біртіндеп қазу керек еді. Қазір бұл әсіресе көлігі бар адамдарға қолайсыздық туғызып, кептелісті көбейтті", – дейді ол.
"Бір сағаттық жол енді екі сағатқа созылады"
Ал LRT құрылысы жүріп жатқан маңда тұратын тағы бір тұрғын жолдардың тарылуы мен бірнеше көшеде қатар жүргізіліп жатқан жұмыстар көлік қозғалысын айтарлықтай қиындатқанын айтты.
"Кептеліс көбейіп кетті. Бұрын жолға бір сағат кетсе, қазір бір жарым, кейде екі сағатқа дейін созылады. Бұл қоғамдық көлікке де әсер етті", - дейді тұрғын.

Оның пікірінше, мәселе тек LRT құрылысында емес, бірнеше жолдың бір мезгілде қазылып, жөндеу жұмыстарының қатар жүргізілуінде. Тұрғын мұндай ірі жоба басталмас бұрын басқа жолдардағы жұмыстарды аяқтап, автобус бағыттарының өзгеруі мен жолдардың жабылатыны туралы халыққа алдын ала нақты ақпарат беру керек еді дейді.
Тұрғындардың айтуынша, LRT құрылысы басталғалы қаладағы көлік кептелісі одан әрі күшейе түскен. Кейбірі қазірдің өзінде жол қозғалысы қиындағанын айтып, кептеліс мәселесі шешілмей жатқанын айтып, шағымданды. Сонымен қатар алматылықтар LRT құрылысының қашан аяқталатынын және онсыз да кептелісі көп қалада жаңа жоба көлік қозғалысына қалай әсер ететінін алаңдаушылықпен талқылаған.
"Алматы, дайындал! Күзде студенттер жиналса, кептеліс тіпті көбейеді. Оның үстіне Төле би көшесінде жол жоқ, LRT салып жатыр, жағдай қалай болар екен...", "Алматының кептелісінен басым айналып кетті", "Алматыда көлік қоятын орын табу қиын болып барады. Үйге кеш келсек, тұрақ таппай қаламыз. "Қазақстанның жартысы осында жүрген жоқ па?" деп ойлаймын. Қыркүйекте студенттер келе бастағанда не болар екен?" - дейді желі қолданушылары.

"Ескерткішке барып тіреле ме?"
Тұрғындардың бірі метро халық жеке көліктен түсіп, қоғамдық көлікке мінеді деген есеппен салынғанын, бірақ ешкім көлігін тастап, метроға ауысқан жоқ деп жазған. "Трамвай да солай, адамдар бұрын көлікпен жүргендей, әрі қарай да көлікпен жүре береді" деп оқырман пікір білдірді.
Сүлейменовтің пікірінше, "Алматы-3" вокзалы салынатын болса, жолаушыларды "Алматы-2"-ге бағыттаудың қажеті шамалы.
"Егер "Алматы-3" теміржол вокзалы салынса, Батыс ауданындағы жолаушыларды не үшін "Алматы-2"-ге тасымалдау керек? Әрине, бәрі вокзалға бармайды, жұмысқа баратындар да бар. Оның үстіне Абылай хан көшесі кең емес, ЦУМ маңында бір ғана жолақ бар. Сол жерге LRT-ны қалай сыйғызатынын түсінбеймін", – дейді Сүлейменов.

Пікір иесінің айтуынша, LRT желісін автобус бағытын қайталайтын бағытпен емес, Желтоқсан көшесі арқылы "Алматы-2" вокзалына дейін жүргізген дұрыс болар еді.
"Ал Абылай хан көшесімен қайда дейін бармақшы? Ескерткішке барып тіреле ме?" – дейді оқырман.
Басқа желі қолданушысы Райымбек даңғылындағы BRT жобасының тағдырына қарап, жаңа LRT құрылысы да ұзаққа созылып кетуі мүмкін екенін айтады. Ол жобаның кейбір бөліктері LRT немесе Sky Train үшін қайта бұзылатынын, ал Саяхаттағы аялдамалардың үш жылдан бері аяқталмағанын айтып, қаладағы құрылыс жұмыстарын сынға алды.

Тұрғындардың шағымынан кейін Алматы қаласының әкімдігінен пікір сұрадық. Ведомствоның мәліметінше, LRT құрылысына байланысты бірқатар көшеде жол қозғалысына уақытша өзгерістер енгізілген. Құрылыс кезең-кезеңімен жүргізіліп жатқандықтан, кей бағыттарда көлік ағыны көбейген.
Әкімдік тұрғындардан келіп түскен шағымдардың басым бөлігі кептеліс, уақытша шектеулер және қозғалысты ұйымдастыру мәселелеріне қатысты екенін жасырмады.
"Көлік кептелісін азайту үшін жол қозғалысын қайта ұйымдастыру, балама бағыттарды қарастыру, қоғамдық көліктің қозғалысын оңтайландыру және жолдардағы жағдайға тұрақты мониторинг жүргізу шаралары қабылданып жатыр", – деп мәлімдеді әкімдік.
Әкімдік жаңа оқу жылы басталғанда қаладағы көлік жүйесіне түсетін жүктеменің артатынын да ескеріп отырғанын мәлімдеді. Осыған байланысты қоғамдық көліктегі жолаушылар ағынына мониторинг жүргізіліп, қажет болған жағдайда маршруттық желіге өзгерістер енгізіледі.
Жолдардың қазылуы не үшін қажет болды?
"Integra Construction KZ" ЖШС-нің "Skytrain" дирекциясы PR-менеджері Қуат Байров жолдарды қазу жұмыстарының негізгі бөлігі қыркүйекке дейін аяқталуға тиіс болғанын айтты. Оның сөзінше, ауыр техника мен самосвалдардың жұмысы оқу жылы басталған кезде кептелісті одан әрі ушықтырмау үшін алдын ала жүргізілген.
"Егер жер жұмыстарын қыркүйекке дейін аяқтамасақ, оқу жылы басталған кезде көптеген кептеліске алып келер еді. Сондықтан негізгі қазу жұмыстарын мүмкіндігінше ертерек бітіруге тырыстық", – дейді Қуат Байров.

Оның айтуынша, қазір құрылыс келесі кезеңге инженерлік желілерді қайта құру және күшейту жұмыстарына өткен. LRT бағытының астындағы ескі коммуникациялар кейін апат болған жағдайда жаңадан төселген жол мен рельстерді қайта қазбау үшін алдын ала жаңартылып жатыр.
"Мақсат – кейін инженерлік желілерде апат болған жағдайда жолдың бетін немесе рельстерді қайта қазбау. Сондықтан желілерді қазірден ауыстырып, күшейтіп жатырмыз. Кейбір учаскелерде жолды жабуға тура келеді, бірақ мұндай жұмыстар халыққа кедергіні азайту үшін негізінен түнгі уақытта жүргізіледі", – дейді ол.
Құрылыс қандай кезеңде?
Ал "Integra Construction KZ" ЖШС инженері Мақсат Әссанди Момышұлы көшесіндегі Arena City тұрғын үй кешені маңындағы учаскеде инженерлік жүйелерді қайта құру және оқшаулау жұмыстары аяқталғанын атап өтті.
"Осы учаскеде инженерлік жүйелерді қайта келтіру және оқшаулау жұмыстары толық аяқталды. Енді келесі кезеңге LRT желісінің астынан дренаж каналын жүргізу жұмыстарына өттік", – дейді Мақсат Әссанди.
Оның сөзінше, дренаж жүйесі жаңбыр мен еріген қар суының жиналуына жол бермеу үшін салынады. Осы жұмыстар аяқталған соң құрылысшылар LRT желісінің негізгі жоғарғы құрылымын салуға, соның ішінде шпалдар мен рельстерді төсеуге кіріспек.
"Дренаж жұмыстары аяқталғаннан кейін келесі кезеңге өтіп, жолдың жоғарғы құрылымын жасаймыз. Одан кейін шпалдар мен рельстерді төсеу жұмыстары басталады", – деп түсіндірді инженер.
Дегенмен тұрғындардың бірі Айтуар Сүлейменов салынып жатқан LRT-ның аккумулятормен жүретініне және оның жылдамдығына күмән келтірді. Оның пікірінше, Алматыдағы магистральдық көлікке мұқтаж аудандарға метро немесе заманауи трамвай салған тиімдірек еді. Ал қазіргі жоба қаланың шет аймақтарын байланыстыратын қымбат жүйеге айналып бара жатыр деп есептейді.
"Негізінде, сақиналы желі салынып жатыр. Олар метроның сақиналы желілері қалада радиалды бағыттардың дамыған желісі қалыптасқаннан кейін ғана қажет болатынын білмей ме?! Көліктердіің жолын жоспарлау деңгейі – нөл! Әкімдікке ұят! Десе де, салынып жатқан жерүсті LRT жақсы жоба, әрі оның бағыты да дұрыс таңдалған. Бірақ бірнеше ескеретін жайт бар. Аялдамалардың тек үштен бірі ғана жолдың ортасында орналасады. Ал бұл жолаушылар үшін ең ыңғайлы нұсқа. Сірә, әкімдік автокөлік жүргізушілерінің наразылығынан қорқып, мұндай аялдамаларды көбірек орналастыруға батылы жетпеген. Сондай-ақ метроға, нақтырақ айтқанда "Жібек жолы" станциясына ыңғайлы ауысу мүмкіндігі қарастырылмаған", – дейді Айтуар Сүлейменов.
Айтуар Сүлейменов қазір салынып жатқан LRT аккумулятормен жүретін қысқа трамвай болатынын айтым шағымданды. Оның сөзінше, аккумулятормен жүретін қоғамдық көліктің мәселесі өте көп.
"Көптеген қаланың, тіпті, Мәскеудің тәжірибесі де аккумулятор технологиясының қоғамдық көлік үшін әзірге толық дайын емес екенін көрсетіп отыр. Көлік зарядтауға тұрып қалмай, жүруі керек. Оның үстіне, бір заряд күні бойына жетпеуі мүмкін. Тағы бір маңызды мәселе трамвайлардың басты артықшылықтарының бірі ұзын құраммен жүру мүмкіндігі. Алайда аккумулятормен жүретін трамвайлардың ерекшелігіне байланысты бұл артықшылықтан да айырылып қаламыз. Мұндай трамвайлардың қымбат екенін және бірнеше жылдан кейін аккумуляторларын ауыстыру қажет болатынын айтпағанда. Қымбат аккумуляторға ақша шашқанша, бір рет контакт желісін тартып, сенімді трамвай жасаған дұрыс!" – дейді алматылық Айтуар Сүлейменов.
Оның пікірінше, әкімдік қоғамдық пікірге құлақ асып, кәдімгі байланыс желісін салу мәселесін қарастыруы қажет. Әйтпесе, мұндай трамвайдың пайдасы шамалы дейді Айтуар Сүлейменов.
Сарапшы LRT жобасының тиімділігіне күмән келтірді
Айтуар Сүлейменов Алматыда салынып жатқан LRT жобасын монорельс технологиясымен салыстырып, оның тиімділігіне күмән келтірді. Ол монорельстің ірі қала үшін әрдайым оңтайлы шешім емес екенін айтып, жүйенің қымбаттығы мен икемділігінің төмендігін сынға алды.
"Монорельс – әмбебап қалалық көлік емес. Оның метро немесе LRT-дан (жеңіл рельсті көлік) айтарлықтай артықшылығы жоқ, керісінше құрылысы мен қызмет көрсетуі қымбат, желіні кеңейтуі күрделі. Ол тек жер бедері қиын немесе кәдімгі теміржол салуға мүмкіндік жоқ ерекше жағдайларда ғана тиімді болуы мүмкін", – дейді Айтуар Сүлейменов.

Сонымен бірге ол монорельстің сәтті жобалары да бар екенін атап өтеді. Олардың қатарында Жапониядағы Tokyo Monorail, Қытайдағы Chongqing Rail Transit Line 2 және Мысырдың Каир қаласындағы жаңа монорельс желілері бар. Алайда бұл жобалар нақты географиялық және инфрақұрылымдық жағдайларға байланысты жүзеге асқан. Яғни олардың табысты болуы монорельстің кез келген қала үшін тиімді екенін білдірмейді дейді Айтуар Сүлейменов.
Сүлейменов әлемде монорельс жүйелерінің көптеп салынбайтынына да назар аударды. Оның айтуынша, кейбір белгілі қалалық монорельс жобалары уақыт өте келе жабылған. Мәселен, Аустралиядағы Sydney Monorail, Мәскеудегі монорельс жүйесі және АҚШ пен басқа елдердегі бірқатар шағын жүйелер жұмысын тоқтатқан.
Ал әкімдіктің мәліметінше, LRT вагондарының ең жоғары техникалық жылдамдығы сағатына 65-70 шақырым болғанымен, аялдамалар арасындағы қашықтыққа байланысты пайдалану кезіндегі орташа жылдамдық шамамен сағатына 35 шақырым болады. Мұндай жылдамдық жолаушылар үшін жайлы әрі қауіпсіз қозғалысты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді деп түсіндірді әкімдік.
LRT, кептеліс және студенттер ағыны: Алматы көлік жүктемесін қалай көтермек?