Түркістан облысында 65 жастағы әйелді телефон үшін қан-жоса етіп сабаған күдіктілер ұсталды
Түркістан облысында Леңгір қаласының 65 жастағы тұрғынына шабуыл жасап, үйін тонады деген күдікпен екі адам ұсталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Полиция мәліметінше, оқиға түнгі уақытта болған. Екі белгісіз адам әйелдің үйіне заңсыз кіріп, оған дене жарақатын салған. Кейін ұялы телефонын алып, оқиға орнынан бой тасалаған.
Оқиғаға қатысты кадрлар бұған дейін әлеуметтік желілерде тараған еді. Криминалдық полиция қызметкерлері жедел-іздестіру шараларын жүргізіп, күдіктілердің жеке басын және жүрген жерін анықтады.
Нәтижесінде Төлеби ауданының екі тұрғыны ұсталып, қамауға алынды. Бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу барысы Түркістан облысы полиция департаменті басшылығының бақылауында.
Мән-жайы
Еске салайық, бұған дейін Түркістан облысында ұрылар телефон үшін 65 жастағы әйелді қан-жоса етіп ұрғаны хабарланған еді. Сондай-ақ жәбірленушінің туыстары оқиғаның мән-жайын айтып берген еді. Олардың сөзінше, шабуыл 24 тамызға қараған түні болған.
65 жастағы зейнеткер үйде болған кезде белгісіз адамдар терезе арқылы ішке кірген. Туыстарының айтуынша, шабуылдаушылар әйелдің қол-аяғын байлап, ақша талап етіп, бірнеше рет соққыға жыққан.
Жәбірленушінің қызы Мадина Тұрғанбекованың сөзінше, анасының беті мен денесі қатты көгеріп, жарақат алған. Шабуыл жасағандар оның сырғасын жұлып, үйдің ішін астан-кестең еткен.
Туыстары үйден ұялы телефон мен әмиянда болған шамамен 10 мың теңге жоғалғанын айтқан.
Жәбірленуші сол үйге өзінің қарт анасын күту үшін барған. Оқиғадан кейін 65 жастағы әйелге медициналық көмек көрсетілді. Бұған дейін оның жағдайы тұрақты, өміріне қауіп төніп тұрмағаны хабарланған.
Ал полиция сол кезде күдіктілерді іздеу жұмыстары жүргізіліп жатқанын мәлімдеген еді. Енді тәртіп сақшылары осы қылмысқа қатысы бар деген күдікпен екі адамды ұстағанын хабарлады.
LRT, кептеліс және студенттер ағыны: Алматы көлік жүктемесін қалай көтермек?