Тоқаев балаларға әлеуметтік желіге тіркелуге тыйым салу заңын назарға алуды тапсырды
Қасым-Жомарт Тоқаев жас ұрпақтың қауіпсіздік мәселесіне тоқталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Президенттің мәлімдеуінше, өскелең ұрпақтың қолайлы және қауіпсіз ортада өмір сүруі үшін барынша жағдай жасау керек. Осы орайда Үкімет 16 жасқа толмаған балалардың әлеуметтік желіге тіркелуіне заң арқылы тыйым салуды ұсынып отыр.
“Бұл мәселеге таяуда өткен Тамыз конференциясында арнайы тоқталып өттім. Мұндай шара әлемнің көптеген елінде қабылданып жатыр. Мен мұны қолдаймын. Осы жұмысқа баса назар аудару қажет деп санаймын. Бірақ тиісті заңды қабылдасақ, оны толығымен жүзеге асыру мәселесін ойлауымыз керек. Қауқарсыз заң ешкімге қажет емес”, – деді ол.
Оның сөзінше, энергетика саласының технологиялық тұрақтылығын қамтамасыз етуге, баламалы энергия көздерін дамытуға мүмкіндік беретін заң жобаларын да тездетіп қарастыру маңызды.

Сондай-ақ онлайн-платформалар мен масс-медиа мәселесіне қатысты заңдарға айрықша назар аудару керек. Ақпарат кеңістігінде азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау үшін қосымша шаралар қабылдау қажет.
Сондай-ақ ерекше қажеттілігі бар балаларды жан-жақты қолдау жөніндегі заң талқыға түсті.
“Біз ерекше қажеттілігі бар балаларға көрсетілетін атаулы қолдаудың тиімді жүйесін құруымыз керек. Олардың толыққанды білім алуына жағдай жасау қажет. Әсіресе, медициналық және әлеуметтік қызметтердің сапасын арттыру керек. Осындай балаларға арналған орталықтарды әр облыстың және үлкен аудандардың қалаларында салу қажет. Демеушілер де осы маңызды іс-шараға қатысады деп сенемін”, – деді президент.
Тоқаев үшін тұрақты ұстаным – мемлекет шын мұқтаж жандарға әрдайым қолдау көрсетуі керек.
Еске салайық, бұған дейін мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжанов Қазақстанда кәмелетке толмағандарға TikTok қолдануға тыйым салуды ұсынып, премьер-министрге депутаттық сауал жолдаған еді. Ол әлеуметтік желідегі зиянды контенттің балалардың психикасы мен тәрбиесіне кері әсер ететінін айтып, TikTok-қа шектеу енгізу немесе ондағы контентті қатаң бақылауға алуды ұсынған.
Оңтүстіккореялық шоудың түсірілім тобы Алматы әкімдігінің көмектескенін, бірақ ақша төлемегенін растады