Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Президент БҰҰ Қауіпсіздік кеңесін сынға алды

Тоқаев
Фото: Видеодан скриншот

Құрылтайдың алғашқы отырысында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің қызметіне көңілі толмай жатқанын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Президент әлемде түрлі апатты жағдайлар болып жатқанына алаңдаушылық білдірді. Сөзінше, әлемдік оқиғалар тасыған селдей жүйесіз, бейберекет, сипатқа ие, алдымызда не боларын болжаудың өзі қиын. Бұл катаклизмдерден елдер мен халықтардың ешбірі тыс қалған жоқ.

“Мемлекеттердің, әсіресе ірі елдердің арасындағы сенімге селкеу түсті. Бұл БҰҰ мен оның институттарының қызметіне зардабын тигізіп жатыр. БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі жаһандағы және аймақтардағы бейбітшілікті, тұрақтылық пен қауіпсіздікті сақтау миссиясын атқара алмай отыр. Осы аласапыранда өңірлік халықаралық ұйымдар алға шығып, олардың рөлі айтарлықтай артты”, – деді ол.

Тоқаев әлемдік аренада "Орта державалар" деп аталатын мемлекеттер бой көрсете бастағанын айтты. Қазақстан да аталған санатқа кіреді. Сонымен қатар тұрлаусыз әлемде салыстырмалы түрде жаңа үдеріс белең алды.

“Цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект қарыштап дамып жатыр. Бұл үдерістің түптің түбінде қайда апарып соғары беймәлім, тіпті, қазіргі нәтижелердің өзі екіұдай пікір тудырады. Кейде мұны осы технологияны ойлап табатындар да түсіне бермейді. Мәселен, таяу келешекте ядролық қарудың орнын жасанды интеллект құралдары алмастыруы мүмкін деген болжам айтылды. Мұның бәрі әлемнің дамуы заңдылық пен қисыннан ада екенін көрсетеді”, – деді мемлекет басшысы.

Президент мұндай жайттардың зардабын келешек ұрпақ тартады деп алаңдайды.

Қырмызы Скендір
Жұма, 28 Тамыз, 2026 11:35