Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Өзбекәлі Жәнібеков кім және Қазақстанда оның кесенесі неліктен тарих және мәдениет ескерткіші деп танылды

Өзбекәлі Жәнібеков
Фото: "Ана тілі" газеті

Бүгін – қазақтың тарихи-мәдени мұрасын жаңғыртуға өлшеусіз үлес қосқан мемлекет және қоғам қайраткері, этнограф Өзбекәлі Жәнібековтің туған күні. Тайқазанның елге оралуына, Наурыз мерекесінің қайта жаңғыруына және ұлттық құндылықтардың дәріптелуіне атсалысқан қайраткердің Түркістан облысындағы кесенесі бүгінде тарих және мәдениет ескерткіші саналады. Stan.kz осыған орай Өзбекәлі Жәнібековтің өмір жолы мен еңбегіне тоқталып, кесенесінің неліктен тарихи мәртебеге ие болғанын білді.

 

Өзбекәлі Жәнібеков кім?

Өзбекәлі Жәнібеков – мемлекет және қоғам қайраткері, этнограф, тарих ғылымдарының кандидаты. Ол саналы ғұмырын қазақтың тарихы мен мәдениетін жаңғыртуға, ұлттық мұраны сақтауға арнады. Оның есімі Тайқазанның Түркістанға қайтарылуы, Наурыз мерекесінің қайта жаңғыруы, тарихи ескерткіштердің қалпына келтірілуі және ұлттық өнердің өркендеуімен тығыз байланысты.

Жетімдіктің тауқыметін тартқан балалық шақ

Өзбекәлі Жәнібеков 1931 жылы 28 тамызда қазіргі Түркістан облысы Отырар ауданындағы Сарықамыс ауылында дүниеге келген. Балалық шағы соғыс пен одан кейінгі ауыр кезеңге тұспа-тұс келді. Әкесінен ерте айырылып, небәрі сегіз жасында анасынан да көз жазып қалды. Жоқшылық пен жетімдіктің қиындығын көрген ол бала күнінен еңбекке араласты. Мал бағып, шөп жинап, отын шапты. Соған қарамастан білімге деген құштарлығын жоғалтқан жоқ. Кейін Алматыдағы Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтына оқуға түседі. Студент кезінде де тұрмыс тауқыметін тартып, күндіз білім алып, кешкісін вагондардан жүк түсіріп, нәпақасын тапқан.

Мұғалімдіктен мемлекет қайраткеріне дейін

Институтты аяқтаған соң Өзбекәлі Жәнібеков туған өлкесіне оралып, мектепте тарих пәнінен сабақ берді. Кейін оқу ісінің меңгерушісі болып, қоғамдық жұмыстарға белсене араласты. Осылайша оның мемлекеттік және қоғамдық қызметтегі ұзақ жолы басталды. Жәнібеков әр жылдары комсомол және партия ұйымдарында, Торғай облыстық партия комитетінде қызмет атқарды. Кейін Қазақ КСР мәдениет министрінің орынбасары, мәдениет министрі, Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің хатшысы болды. Алайда оның қызметі лауазыммен ғана өлшенген жоқ. Кеңестік идеология ұлттық құндылықтарды екінші қатарға ығыстырған кезеңде Жәнібеков қазақтың тарихын, салт-дәстүрін, өнері мен мәдени мұрасын сақтауға күш салды. Жоғарыдан түскен шешімдермен келіспеген тұста өз ұстанымын ашық айтып, ұлттық мүддеге қатысты мәселелерді көтеруден тайынбаған.

Тайқазанды Түркістанға қайтаруға атсалысты

Өзбекәлі Жәнібековтің есімімен байланысты тарихи оқиғалардың бірі – әйгілі Тайқазанның елге оралуы. Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде тұрған Тайқазан 1935 жылы Ленинградқа, қазіргі Санкт-Петербургке Иран өнері мен археологиясына арналған халықаралық көрмеге әкетілген еді. Уақытша апарылған тарихи жәдігер содан кейін Қазақстанға қайтарылмай, Эрмитажда қалып қойған. Тайқазанды тарихи орнына қайтару мәселесін көтеріп, осы істің жүзеге асуына күш салған қайраткерлердің бірі Өзбекәлі Жәнібеков болды. Нәтижесінде араға 54 жыл салып, 1989 жылғы 18 қыркүйекте Тайқазан Түркістанға қайта әкелінді. Бүгінде алып қазан Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде тұр. Осылайша кезінде елден әкетілген құнды жәдігер қазақ даласындағы тарихи орнына қайта оралды.

Өзбекәлі Жәнібеков
Фото: Көрнекі сурет: sn.kz

Тарихи ескерткіштерді сақтауға күш салды

Жәнібеков қазақ даласындағы тарихи ескерткіштерді сақтап, қалпына келтіруге де айрықша көңіл бөлді. Оның қызмет еткен кезеңінде жүздеген археологиялық және тарихи нысанды зерттеу мен қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді. Солардың арасында Қожа Ахмет Ясауи кесенесі де бар. Ол “Әзірет Сұлтан” қорық-музейінің қалыптасуына үлес қосып, кесенеде жерленген қазақ хандары, сұлтандары, билері мен батырларының құлпытастарын зерттеп, музей қорына енгізуге атсалысты. Арыстан баб кесенесіндегі жұма мешітін қалпына келтіру ісінде де Жәнібековтің табандылығы көрінді. Кеңес билігі діни нысанды қалпына келтіруге рұқсат бермегендіктен, мешітті Отырардың суландыру жүйесіне арналған экспозиция ретінде қайта тұрғызудың жолы табылған. Сондай-ақ оның бастамасымен Қазақстандағы тарихи және мәдени ескерткіштерді сақтау мен қалпына келтіруге бағытталған “Арқас” қоғамы құрылды.

Наурыздың қайта оралуына үлес қосты

Өзбекәлі Жәнібеков ұлттық салт-дәстүрлерді жаңғыртуға да күш салды. Соның бірі – ұзақ жылдар бойы ресми түрде тойланбай келген Наурыз мерекесі. Кеңес дәуірінде Наурызды көпшілік болып тойлауға шектеу қойылған еді. 1988 жылы мереке Қазақстанда қайта тойлана бастады. Өзбекәлі Жәнібеков Наурызды халыққа қайта оралтуға атсалысқан қайраткерлердің бірі болды. Бұл кезеңде ұлттық киім, дәстүрлі музыка, халықтық ойындар мен әдет-ғұрыптарға да қайтадан мән беріле бастады.

Ұлттық өнерді жаңғыртты

Жәнібеков қазақтың дәстүрлі музыкасы мен қолөнерін жаңғыртуға да еңбек сіңірді. Оның бастамасымен және қолдауымен “Шертер”, “Адырна”, “Алтынай” секілді этнографиялық және фольклорлық ансамбльдер құрылды. Ол музейлердің қорын қазақтың тұрмыс-тіршілігін, қолөнерін, киім үлгілерін танытатын жәдігерлермен толықтыруға да атсалысты. Мәселен, 1978 жылдан бастап Алматыдағы Орталық мемлекеттік музейден Түркістандағы қорық-музейге қазақтың дәстүрлі кілемдері, қабіржапқыштар, жиһаздар және өңір тарихына қатысты басқа да құнды дүниелер жеткізілген. Жәнібеков ұлттық мәдениетті тек мемлекеттік қызмет аясында ғана емес, ғылыми тұрғыдан да зерттеді. Қазақтың қолөнері, киім үлгілері, дәстүрлі тұрмысы, музыкасы мен этнографиясына арналған еңбектер жазды.

Алаш арыстарының мұрасын қайтаруға атсалысты

Өзбекәлі Жәнібеков кеңестік қуғын-сүргін құрбаны болған қазақ зиялыларының есімдерін ақтау ісіне де араласты. Ол Шәкәрім Құдайбердіұлы, Мағжан Жұмабаев, Жүсіпбек Аймауытов пен Міржақып Дулатов сынды Алаш қайраткерлерінің мұрасын халқына қайтаруға атсалысты. 1980-жылдардың соңында олардың шығармалары қайта жарық көріп, есімдері қазақ қоғамына қайта орала бастады. Бұл тарихи әділеттілікті қалпына келтірумен қатар, қазақ әдебиеті мен ұлттық тарихи жадындағы үлкен олқылықтың орнын толтыруға мүмкіндік берді. Өзбекәлі Жәнібеков 1998 жылы дүниеден өтті. Артында тарихи ескерткіштер, қайта жаңғырған ұлттық дәстүрлер, елге оралған жәдігерлер мен қазақ мәдениетіне арналған ғылыми еңбектер қалды. Бүгінде оның есімі ұлттық мұраны сақтап, кейінгі ұрпаққа жеткізу жолында еңбек еткен көрнекті қайраткерлердің қатарында аталады.

Кесене неге 26 жылдан кейін жөнделіп жатыр?

Stan.kz редакциясына Мәдениет және ақпарат министрлігінің Мәдениет комитеті берген жауапқа сәйкес, Отырар ауданындағы Өзбекәлі Жәнібеков кесенесі республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің тізіміне енген.

Кесене мемлекет және қоғам қайраткері, этнограф-ғалым Өзбекәлі Жәнібеков жерленген жерде 2000 жылы бой көтерген. Құрылысқа сол кездегі “Қазқайтажаңарту” кәсіпорнының үнемделген қаражаты жұмсалған. Нысан содан бері 26 жыл бойы жөндеу көрмеген.

Уақыт өте кесененің күмбезі мен қабырғаларына ылғал өтіп, кей кірпіштері мен ағаш бөліктері тоза бастаған. Осыған байланысты биыл нысанда алғаш рет ғылыми-реставрациялық жұмыстар қолға алынды.

Өзбекәлі Жәнібеков кесенесі
Фото: Dombyra TV

Кесенеде қандай жұмыстар жүргізіледі?

Мәдениет комитетінің мәліметінше, реставрация кезінде кесененің бастапқы сәулеттік келбетін барынша сақтау көзделген. Мамандар күмбезі, қабырғалары, іргетасы мен қасбетін қалпына келтіріп, зақымданған бөліктерін жөндейді. Кесене маңы да абаттандырылады.

Жұмыстарды “Қазқайтажаңарту” республикалық мемлекеттік кәсіпорнының Түркістан облыстық филиалы жүргізіп жатыр. Реставрация 15 маусымда басталған, оны 31 тамызға дейін аяқтау жоспарланған.

Реставрацияға қанша қаражат бөлінді?

Stan.kz редакциясы министрліктен кесенені қалпына келтіруге қанша қаражат қарастырылғанын сұрады. Алайда Мәдениет комитеті нақты соманы атаған жоқ. Ведомство жұмыстардың мемлекет есебінен, бекітілген жобалау-сметалық құжаттарға сәйкес қаржыландырылып жатқанын мәлімдеді.

Өзбекәлі Жәнібеков
Фото: Көрнекі сурет: massaget.kz

 

Балнұр Рахматуллақызы
Жұма, 28 Тамыз, 2026 10:00