Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Талғарда баланы азғындамақ болған ер адам ұсталды: Қыздың анасы істі ешқандай адвокат алмай жатқанын айтады

Талғардағы бала зорлау
Фото: Envato

Алматы облысындағы Талғар қаласында ер адам автобустың сайманын ұрлап жатып, қасынан өтіп бара жатқан 8 жастағы қызға азғындық әрекет жасаған. Оқиғаның мән жайын бүлдіршіннің анасы толыққанды баяндап берді. Бұл туралы Stan.kz ақпараттық агенттігі хабарлайды.

Бүлдіршіннің анасы Динараның сөзінше, оқиға осы дүйсенбі күні, яғни 24 тамызда түскі сағат 15:00-дер шамасында болған. Ойыннан қайтып келе жатқан бүлдіршінге автобустың саймандарын ұрлап жатқан күдіктіге тап болған.

“Сағат 15:00-дер шамасында көшеден қызым құрбыларымен ойнап, қайтып келе жатқан. Бұрындары сол құрбыларымен бірге ойнап, кейін біз басқа үйге көшіп кеткенбіз. Ала жаздай сол қыздарымен ойнайды. Борахан көшесі бос көше, айналасында өскен шөптер бар, бос жер ғой. Сол жерден қызым велосипедімен өтіп бара жатқан. Сол жерде автобус жүргізушісі үйінің ауласына сыймағандықтан, өзінің автобусын сол көшеге қойып кетеді екен. Жүргізуші өз шаруасымен кетіп қалған, ал сол уақытта күдікті сол автобустың багажын ашып қызға қарап тұрған”, – деді бүлдіршіннің анасы Динара.

Борахан көшесі
Фото: Қыздың анасынан (оқиға болған жер)

Күдікті сол автобустың багажынан кілт жиынтығын да ұрлап жатқан. Сол уақытта қызбен сөйлесіп, қарым-қатынас орнатуға тырысқан. Ананың сөзінше, күдікті баламен қалай қарым-қатынас орнату керектігін, оны қалай алдау керектігін, жалпақ тілмен айтқанда, баланың психологиясын мықты білетін ақылды адам.

“Қызыма. “Сәлем” деп бастаған. Велосипед айдап бара жатқан қыз жай қолын көтеріп, әрі қарай кете бергенде, “автобустың ішін көресің бе?” деп сұраған. Ол оған да мән бермей әрі қарай кете берген. Одан кейін ол: “Велосипедіңнің дөңгелегіне тас тұрып қалыпты, келе ғой алып берейін” деп қыздың назарын өзіне аудартқан. Қызым тоқтап, дөңгелегін тексергенде ешқандай тас көрмеген. Қызым оған: “ешқандай тас жоқ қой” дегенде, “ келе ғой, көріп берейін” деп өзіне шақырып алған”, – деп мәлімдеді қыздың анасы.

Күдікті кейін велосипедтің дөңгелегін ұстап, “мынада жел шығып кетіпті, жел шықса не істеу керек екенін білесің бе?” деп әрі қарата әңгімесін өрбіткен. Қыз: “Оны насоспен үрлеу керек” дегенде, күдікті “менде насос бар, жүр мен саған үрлеп берейін” деген.

“Қызым оған: “Жоқ үрлеп қажет емес, әкем өзі үрлеп береді” деп ығына көнбеген. Сол кезде дөңгелекті ұстағансып, қыздың аяғынан сипап, аяқ киімін шешіп тастайды. “Аяғың күнге күйіп кетіпті ғой” деп қызымның санынан ұстап, жоғары көтеріп жыныс мүшесіне дейін ұстаған. Қызды алдап, сәл әрірек, шөп биіктеу жерге алып барады. Автобустың аймағында 01 деп жазылып тұр екен. Қызға ертең Астанаға кетемін деген сынды өтірік әңгімелерін айтқан. Шөбі биіктеу жерге алып барғаннан кейін өзі биік шөптің арасынан көрінбей қалу үшін отырады, да қызыма: “Шортиыңды шеш, мен көремін, ұстаймын” дейді”, – деп мәлімдеді қыздың анасы.

Анасының сөзінше, қызы ер адамның мас күйінде екенін және оның тәлтіректеп, тұрғанын байқаған. Бүлдіршін болса, сол жерде жылап жіберіп, оқиғаны әкесіне айтатынын жеткізген. Күдікті қорыққаннан әкесіне айтпауды өтініп, бұл екеуінің арасында қалатын сыр болсын деп көндіруге тырысқан. 

“3 ұлдың арасында өскен жалғыз қызым. Сәл пысықтау, епті. Сол қасиетінің арқасында ол аман қалып отыр. Егер қорқып, айтқанын орындап қойса, арты жаман болар еді. Ер адам қыздың бұтын шешуге ұмтыламын деп мастықпен шалқайып артқа құлаған. Екі ортада қыз велосипедіне отырып қашып кеткен. Үйге келіп, тоқтаусыз жылады. Екі ағасы келіп не болғанын сұрағанда, ағаларына айтуға ұялып тоқтаусыз жылай берген. Кейін үйге менен бұрын бірінші болып әкесі келгенде, бірден өкіріп жылап жіберді. Кейін әкесі не үшін жылап жатқанының себебін сұрағанда, әкесіне барлығын айтып берген. Ер адамның оның денесін қалай ұстағанын жұмсақ ойыншығына көрсетіп тұрып жеткізді”, – деді қыздың анасы Динара.

Қыздың айтқанын естіген соң, әкесі бірден оқиға орнына барған, алайда не автобус та, не адам да жоқ. Барлығы кетіп қалған. Қыз қатты қорыққаннан ер адамның түрін ұмытып қалған. Бұлдіршіннің әке-шешесі сол маңдағы үйлердің барлығына кіріп, кұдіктінің түрін анықтау үшін камера бар-жоғын сұрап жүргенде автобус жүргізушісін тапқан. Жүргізуші өзінің затын жоғалғанын айтып, екі тарап та күдіктінің үстінен полицияға арыз берген. 

“Кейін сол маңайда ойнап жүрген басқа ересектеу ер бала, күдіктіні көріп көк шорты, футболка және басына панама киіп алған, қолында кілт жиынтығы бар ер адамның көргенін айтты. Аудандық ішкі істер бөліміне осылай сипаттап айтып бердік. Кейін күдікті ұсталды”, – деп мәлімдеді Динара.

Жәбірленушінің сөзінше, қазір ер адамды 121-бап (Сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері) бойынша қамауға алды. Алайда олар бұл баппен келіспей, құзырлы органдардан 124-бапқа (16 жасқа толмаған тұлғаға азғындық әрекеттер жасау) ауыстырды.

“Адвокат күдіктінің тегін оқып, қылмыстық істі қолға алудан бас тартты”

Динара дәл қазір осы іспен айналысатын адвокат таба алмай жатқанын да мәлімдеді. Сөзінше, тапқан адвокаты күдіктінің тегін оқи сала онымен бірге жұмыс істеуден бас тартқан.

“Тапқан адвокатым күдікті ер адамның тегін оқыды да бірден бас тартты. Өйткені оның заң саласында адамы бар деді. Онысын, әрине, ұға алмадым. Түсінуімше, күдіктінің туысы адвокат болып жұмыс істейді”, – деді бүлдіршіннің анасы.

Сондай-ақ Динара, күдіктінің бұған дейін де істі болғанын тілге тиек етті. Сөзінше, ол бұған дейін кісі өлтіру бабы бойынша, 25 жылға сотталып келген. Алматы облысы полиция департаменті бастығының тергеу жұмыстары жөніндегі орынбасары Рустам Әбдірахманов қылмыстық іс тіркелгенін растады.

"Бұрын тағайындалған сараптама аяқталғаннан кейін іс бойынша түпкілікті процессуалдық шешім қабылданады," – деді Әбдірахманов.

Сөз соңында осы жағдайдан кейін Динара өзінің денсаулығы да сыр беріп, тек қана дәрінің арқасында аяққа тұрып жүргенін және жоғары қан қысымымен осы іс бойынша шапқылап жүргенін айтты. Ал оның қызында қазір психологиялық тұрғыдан долылық пайда болғанын айтты.

Ислам Әден
Жұма, 28 Тамыз, 2026 16:43