Каспий теңізінде албырт (лосось) балықтары өсіріліп жатыр
Каспийдің ортасында албырт балық (лосось) өсіріліп жатыр. Оларды баптау үшін теңізге арнайы торлар орнатылып, оларға мыңдаған шабақ жіберілген. Қазір өсіп үлкейген балықтардың кейбірі 2,5 келіге дейін жеткен. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “Время” порталына сілтеме жасап хабарлайды.
Қарақия ауданындағы Құрық портынан 20 шақырымдай жерге арнайы теңіз торлары қойылған. Нысан теңіздің терең бөлігінде орналасқан. Әр тордың диаметрі 38 метр. Қазір олардың саны үшеу, ал алғашқы торлар 2025 жылдың қыркүйегінде орнатылған.
Балық өсіру жұмысы былтыр күзде басталған. Қараша мен желтоқсан аралығында торларға 95 мың шабақ жіберіліп, олардың жалпы салмағы шамамен 20 тонна болған. Ол кезде бір балықтың салмағы орта есеппен 200 грамм еді. Бір жылға жетпейтін уақытта олардың салмағы бірнеше есе өсіп, қазір 1,8-2,5 келіге жеткен. Өсірілген албыртты биыл қыркүйек айынан бастап ішкі нарықта сату көзделіп отыр.
Өндіріс көлемін арттыру үшін кәсіпорын биыл тағы үш торды іске қоспақ. Оларды қыркүйек айының басына дейін орнатып, балықпен толтыру жоспарланған. Жыл соңына дейін алты торға 470 мыңға жуық шабақ жіберіледі. Олардың әрқайсысының салмағы 200-300 грамм шамасында болады. Жалпы биомасса 114 тоннаға жуықтайды.
Жоба мұнымен шектелмейді. Кәсіпорын 2026 жылдың қорытындысы бойынша 150 тонна тауарлық балық өндіруді көздеп отыр. Келесі жылы өндіріс көлемі 1,3 мың тоннаға дейін ұлғайтылмақ. Ал 2028 жылы жылдық көрсеткішті 5 мың тоннаға жеткізу жоспарда бар. Кейін теңіздегі торлардың санын одан әрі көбейту қарастырылған.
Талғарда баланы азғындамақ болған ер адам ұсталды: Қыздың анасы істі ешқандай адвокат алмай жатқанын айтады
