Қазақстандықтар енді көлді жалға алып, балық шаруашылығымен шұғылдана алады
Солтүстік Қазақстан облысында кәсіпкерлер балық шаруашылығын жүргізу үшін көлдерді жалға ала алады. Байқауға өңірдегі тоғыз су айдыны шығарылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Конкурсты Ауыл шаруашылығы министрлігі Балық шаруашылығы комитетінің Есіл бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы ұйымдастырып отыр. Өтінімдерді қабылдау 28 тамыз сағат 09:55-те аяқталады.
Конкурсқа шығарылған су айдындарының жалпы аумағы – шамамен 595 гектар.
Айыртау ауданындағы Үлкен Токшын көлінің аумағы – 62,5 гектар. Есіл ауданында Мусина және Үлкен Костомар көлдері орналасқан. Олардың аумағы тиісінше 80,4 және 92 гектар.
Жамбыл ауданындағы Суаткөлдің аумағы – 48 гектар. Қызылжар ауданынан бірден үш көл ұсынылған: аумағы 30,3 гектар Стадное, 74 гектар Чирок және 114,92 гектар Худиковое көлдері. Мамлют ауданындағы Краснознамен көлінің аумағы – 42 гектар болса, Чивилов көлінің аумағы – 51 гектар.
Барлыығы көл-тауарлық балық шаруашылығын жүргізу үшін 10 жыл мерзімге беріледі.
“Конкурсқа қатысу үшін жеке және заңды тұлғалар алдымен e-qazyna.kz веб-порталына тіркелуі қажет”, – дейді мамандар.
Үміткерлер белгіленген нысандағы өтінімді электрондық цифрлық қолтаңба арқылы береді. Сонымен қатар конкурсқа қатысу үшін 100 АЕК мөлшерінде кепілдік жарна төлеу қажет.
Көл-тауарлық балық шаруашылығы – су айдынында балық өсіруге, оның өнімділігін арттыруға және балық өнімдерін өндіруге бағытталған кәсіпкерлік қызмет түрі. Конкурс қорытындысы бойынша су айдындары бекітілген кәсіпкерлер оларды белгіленген талаптарға сәйкес пайдалануға міндетті.
Алматыда 7 жастағы баланы сарышаян шағып алған: Ауруханада оған қарсы вакцина табылмады