Си Цзиньпин Трампқа Путиннің Украинаға қарсы соғыс бастағанына "өкінуі мүмкін" екенін айтты - БАҚ

Пекинде өткен кездесу барысында ҚХР төрағасы Си Цзиньпин Дональд Трампқа Ресей президенті Владимир Путиннің Украинаға қарсы соғысты бастау туралы шешіміне "өкінуі мүмкін" екенін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Financial Times басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Басылымының мәліметіне сәйкес, Қытай басшысы Путинге қатысты сынын Украинадағы соғыс тақырыбы қозғалған кең ауқымды пікірталас барысында айтқан.
Басылым бұдан басқа қосымша мәлімет келтірмейді.
Financial Times мәліметінше, Си Цзиньпин АҚШ-пен келіссөздер барысында Ресей–Украина соғысына алғаш рет осындай баға берген. Басылым дереккөздерінің бірінің айтуынша, Қытай көшбасшысы АҚШ-тың бұрынғы президенті Джо Байденмен Ресей мен Украина мәселесі бойынша "ашық әрі тікелей" пікірталастар жүргізген, алайда ол кезде Путиннің басып кіру туралы шешіміне баға беруден бас тартқан.
Сондай-ақ Трамппен өткен саммит барысында Си АҚШ, Қытай және Ресейге Халықаралық қылмыстық сотқа (ХҚС) қарсы бірлесіп әрекет етуді ұсынған.
Қытайдың Сыртқы істер министрлігі Financial Times таратқан хабарламаны жоққа шығарды.
"Көрсетілген ақпарат фактілерге қайшы келеді және толықтай ойдан шығарылған", – деді Пекинде өткен брифингте ҚХР СІМ ресми өкілі Го Цзякунь.
Айта кетейік, Қытай көшбасшысының мәлімдемелері туралы ақпарат Путиннің Қытайға сапарына дайындық аясында пайда болды. Си Цзиньпиннің шақыруымен өтетін бұл сапар 19-20 мамырға жоспарланған.
Кремльдің мәліметінше, Путин мен Си Цзиньпин басқа мәселелермен қатар маңызды халықаралық және өңірлік мәселелер бойынша пікір алмасуды жоспарлап отыр. Келіссөздер аяқталғаннан бірлескен мәлімдемелерге қол қою көзделген.
Си Цзиньпиннің Путинді Пекинге шақырғаны Трамптың Қытайға сапары аяқталғаннан кейін белгілі болды.
Еске салсақ, бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамптың Қытайға барғаны туралы жазған едік. Ол өзімен бірге Илон Маск және ірі технологиялық компания басшыларын ертіп барған.
"Жүрегім Қазақстан деп соғады": Елімізді ұнатып қалған үндістандық боксшы енді Қазақстан атынан сынға түспек
Оқыңыз