Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Астанада LRT астындағы автобус аялдамасында қайнатылған қазанның видеосы талқыға түсті

LRT астындағы қазан
Фото: видеодан скриншот

Желіде Астанадағы LRT желісінің астындағы автобус аялдамасында тұрған электр плитасы мен қазан талқыға түсті. Жұртшылық қоғамдық көлік инфрақұрылымын не себепті тамақ пісіру алаңына айналдырған түсінбеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Павильон ішінде еденде ыстық пеш пен үлкен қазан көрінеді, олар тамақ пісіру үшін пайдаланылған болуы мүмкін. Жақын маңда бір әйел телефонмен сөйлесіп жүр, алайда оның қатысы бар-жоғы белгісіз.

"LRT-мен Дубай сияқты боламыз ба десек, біз LRT астындағы аялдамада тамақ пісіріп, Мумбай сияқты болып барамыз. Автобус аялдамасы тамақ пісіретін орын емес, ол өртке әкелуі мүмкін", – делінген видеоның сипаттамасында.

Желі қолданушылары павильонда пешті пайдалану қауіпті екенін және ол өртке әкелуі мүмкін екенін атап өтеді. Кейбір пікір білдірушілер бұрын әйелдің соның ішінде тамақ пісіріп жатқанын көргендерін айтады.

City Transportation Systems автобус аялдамаларына Астана әкімдігінің көлік және жол инфрақұрылымын дамыту департаменті жауапты екенін айтты. Алайда әкімдік жағдайға қатысты әзірге жауап бермеді. 

Еске салсақ, бұған дейін Астанада ашылғанына бір күн болған LRT желісі жолаушылар қауіпсіздік ережелерін бұзғаны үшін тоқтап қалғаны туралы жазған едік. 

Қырмызы Скендирова
Сәрсенбі, 20 Мамыр, 2026 08:21