Бір күнде 100 мың адам: Астанадағы LRT-да жолаушылар ағыны жобалық өткізу қабілетінен асып түскен
Астанада LRT іске қосылған сәттен бері 180 мың адамды тасымалдап үлгерген. Тек 17 мамыр күні ғана желіні 100 мың жолаушы пайдаланған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
City Transportation Systems басқарма төрағасы Асылбек Дүйсебаевтың айтуынша, мұндай көрсеткіш жобалық өткізу қабілетінен асып түскен. Қазір жолаушылар ағыны шамамен екі есеге дейін азайған.
Дүйсебаев қала тұрғындарын пойыздар мен платформаларда қауіпсіздік ережелерін сақтауға шақырып, жолаушылардан аса қажет болмаса апаттық түймелерді баспауды, пойыз есіктерін өздігінен ашпауды және олардың жабылуына кедергі келтірмеуді сұрады.
"Өздеріңіз білетіндей, LRT жүйесі толықтай автоматтандырылған және жүргізушісіз жұмыс істейді. Мұндай әрекеттер автоматты түрде жолаушылардың қауіпсіздігіне қауіп ретінде қабылданады", – деді Дүйсебаев.
Компания өкілдері 18 мамыр күні ешқандай бұзушылық тіркелмегенін хабарлады. Пойыздар қалыпты режимде қозғалып жатыр.
Еске салсақ, бұған дейін Астанада ашылғанына бір күн болған LRT желісі жолаушылар қауіпсіздік ережелерін бұзғаны үшін тоқтап қалғаны туралы жазған едік.
