Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Құрылтай депутаттары қаза тапқан сарбаздардың отбасына 146 млн теңгеден астам қаражат аударады

Құрылтай депутат Маңғыстау сарбаздар
Фото: Құрылтай отырысынан

Құрылтай Бюросының отырысы Маңғыстау облысындағы әскери оқу-жаттығу кезінде қаза тапқан әскери қызметшілерді еске алу үшін бір минут үнсіздікпен басталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Құрылтай Төрағасы Айбек Дәдебай қаза тапқандардың отбасылары мен жақындарына көңіл айтты.

“Маңғыстау облысында қызметтік міндеттерін атқару кезінде әскери қызметшілердің қаза болуы – бүкіл халқымыз үшін үлкен қайғы. Осыған байланысты Мемлекет басшысы 25 қыркүйекті жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялады. Барлық депутаттардың атынан қаза тапқан азаматтардың отбасыларына көңіл айтамын. Бұл бәріміз үшін орны толмас қасірет”, – деді Айбек Дәдебай.

Құрылтай Төрағасы мен депутаттары қаза тапқан және зардап шеккен әскери қызметшілердің отбасыларына көмек көрсету үшін ерікті түрде қаражат жинауды қолдады. Қазір жеке қаражат есебінен 146 млн 650 мың теңге жиналды. Қаражат "Ұлттық рух" қорына аударылады. Қаражат жинау жалғасып жатыр. Депутаттар Айдарбек Қожаназаров, Руслан Идрисов, Мейірхат Қасымбаев, Бекжан Айтқұлов, Махамбет Хасенов әрқайсысы 20 млн теңгеден, Дана Медеуова, Айжан Наимбекова және Бауыржан Жамалов әрқайсысы 10 млн теңгеден, Тұрарбек Тілемісов, Мұратбек Мұхамбедиев, Мұса Хайруллиев әрқайсысы 5 млн теңгеден, Бегалы Ералиев 500 мың теңге және басқалары қаражат бөлді.

Бұған дейін Қазақстан Халық Кеңесі мүшелері қаза болған сарбаздардың отбасына 815 миллион теңге бөлетіні туралы жазған едік. Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі, Қазақстан бокс федерациясының президенті Шахмұрат Мүтәліп “Integra Construction KZ” компаниясы қаза тапқан әскери қызметкерлердің әрқайсысының отбасына 25 миллион теңгеден бөлетінін мәлімдеді. Оның айтуынша, бұл көмектің әр отбасыға жеке берілетінін және мемлекет тарапынан берілетін қолдауға қосымша жәрдем екенін жеткізді. 

Істің мән-жайы

Еске салайық, 24 қыркүйекте Маңғыстау облысында Әскери-теңіз күштерінің оқу-жаттығуы кезінде ауа райы күрт нашарлап, жел күшейген. Соның салдарынан 17 әскери қызметкерді теңізге алып кеткен. Алғашқы ресми мәліметте тоғыз әскери қызметкердің қаза тапқаны, үшеуінің құтқарылғаны хабарланған еді.

Кейін іздестіру жұмыстары барысында тағы екі әскери қызметкердің денесі табылғаны хабарланды. Осылайша, қаза тапқандар саны 14 адамға жетті. Үш әскери қызметші құтқарылды. 

Оқиғаның мән-жайын анықтау және іздестіру-құтқару жұмыстарын үйлестіру үшін өңірге қорғаныс министрі Дәурен Қосанов бастаған арнайы комиссия жіберілген. Оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу Бас прокуратураның ерекше бақылауына алынды.

Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов Ақтау маңында әскери қызметшілердің қаза болуына қатысты Қылмыстық кодекстің 453-бабының 2-бөлігі (Ауыр зардаптарға әкеп соққан қызметке салғырт қарау) және 465-бабы (Кеме жүргізу ережелерін бұзу) бойынша қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді.

24 қыркүйек күні сағат 22:30-да Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Қанат Бозымбаевтың төрағалығымен Маңғыстау облысындағы әскери оқу-жаттығу кезінде әскери қызметкерлердің қаза болуына байланысты құрылған Үкіметтік комиссияның отырысы өтті.

Отырыста тергеу аясында ведомствоаралық жедел-тергеу тобы құрылғаны, тергеу және жедел-іздестіру іс-шараларының кешені жүргізіліп жатқаны, сондай-ақ мамандар тартылып, қажетті сот сараптамалары тағайындалғаны айтылды.

Қайғылы оқиғаға байланысты Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 25 қыркүйекті жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялады.

Айым Болатқызы
Жұма, 25 Қыркүйек, 2026 15:07