Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Маңғыстауда сарбаз Олжас Диханбаевтың денесі жер қойнына тапсырылды

әскери
Фото: Stan.kz

Маңғыстау облысы, Мұнайлы ауданы, Бесшоқы ауылында оқу-жаттығу кезінде қаза тапқан Олжас Диханбаевты жақындары соңғы сапарға шығарып салды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Каспийдегі жаттығу кезінде қаза тапқан 21 жастағы Олжастың жерлеу рәсімі өтті. Мұны редакцияға марқұмның әпкесі хабарлады. 

Ал қарындасы желіде ағасы Олжасқа жазба арнады. 

“Жаным-ау, ағатайым-ау. Күтіп отыр едік. Табытпен шығарып салдық қой”, – деп жазды ол. 

Сарбаз Олжас Диханбаевты ақтық сапарға шығарып салу үшін Нүрлан имам барды. Ол дұға оқып, марқмның ата-анасына көркем сабыр тіледі. 

Істің мән-жайы

Еске салайық, 24 қыркүйекте Маңғыстау облысында Әскери-теңіз күштерінің оқу-жаттығуы кезінде ауа райы күрт нашарлап, жел күшейген. Соның салдарынан 17 әскери қызметкерді теңізге алып кеткен. Алғашқы ресми мәліметте тоғыз әскери қызметкердің қаза тапқаны, үшеуінің құтқарылғаны хабарланған еді.

Кейін іздестіру жұмыстары барысында тағы екі әскери қызметкердің денесі табылғаны хабарланды. Осылайша, қаза тапқандар саны 14 адамға жетті. Үш әскери қызметші құтқарылды. 

Оқиғаның мән-жайын анықтау және іздестіру-құтқару жұмыстарын үйлестіру үшін өңірге қорғаныс министрі Дәурен Қосанов бастаған арнайы комиссия жіберілген. Оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу Бас прокуратураның ерекше бақылауына алынды.

Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов Ақтау маңында әскери қызметкерлердің қаза болуына қатысты Қылмыстық кодекстің 453-бабының 2-бөлігі (Ауыр зардаптарға әкеп соққан қызметке салғырт қарау) және 465-бабы (Кеме жүргізу ережелерін бұзу) бойынша қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді.

24 қыркүйек күні сағат 22:30-да Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Қанат Бозымбаевтың төрағалығымен Маңғыстау облысындағы әскери оқу-жаттығу кезінде әскери қызметкерлердің қаза болуына байланысты құрылған Үкіметтік комиссияның отырысы өтті.

Отырыста тергеу аясында ведомствоаралық жедел-тергеу тобы құрылғаны, тергеу және жедел-іздестіру іс-шараларының кешені жүргізіліп жатқаны, сондай-ақ мамандар тартылып, қажетті сот сараптамалары тағайындалғаны айтылды.

Нұрила Жұмаділлә
Сенбі, 26 Қыркүйек, 2026 11:40