Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Астанада ер адам бұрынғы әйелін көлік тұрағында пышақтап кеткен

қаза
Фото: Threads

Астанада тұрғын үй кешен алдында әйелді бұрынғы күйеуі пышақтап өлтіріп кетті. Күдікті бірден оқиға орнынан қашып кеткен. Ал әйел оқиға орнында көз жұмған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Оқиға 23 қыркүйек күні кешкі сағат 20:00 шамасында Күлтегін көшесіндегі тұрғын үйлердің бірінің алдында болған.

Қайғылы жәйт турал Threads желісінде куәгерлер жаппай жазып жатыр. Желіде тараған мәліметке сәйкес, әйелдің мойнына екі, қабырғасына екі және қолына екі пышақ жарақаты салынған. Хабарламада жәбірленушінің оқиға орнында қаза болғаны айтылған.

“Оқиға орнында 1996 жылы туған әйелдің денесінен, мойын тұсынан екі, қабырғасынан екі және қолынан екі пышақ жарақаты анықталды. Осы факті бойынша 1993 жылы туған ер адам күдікке ілінді. Ол қара түсті киім киіп, кепка және рюкзак таққан", – делінген хабарламада. 
қылмыс
Фото: Threads bakytkabagyt

Полиция не дейді?

Аталған жағдайға қатысты Астана қаласы полиция департаменті пікір білдірді. Олардың дерегінше, әйелге пышақты бұрынғы күйеуі салған. 

“Оқиға орнына полиция қызметкерлері дереу барды. Әйелге пышақ жарақатын оның бұрынғы күйеуі салған. Жәбірленуші алған жарақатынан оқиға орнында қаза тапты. Күдікті жедел ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Адам өлтіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүріп жатыр”, – делінген хабарламада. 

Полиция бұған дейін желіде тараған “күдікті полиция қызметкері” деген ақпаратты жоққа шығарды. Оған қоса департамент өкілдері кінәлі адам заңда белгіленген тәртіппен жауапкершілікке тартылатынын мәлімдеді. 

“Соңында екі баласы қалды”

Желі қолданушыларының бірі марқұм әйелдің ісіне қатысты сотты ашық өткізу керек пе деген сауал тастады. 

“Астанадағы жағдайды естіп жүргім ауырды. Бір ашу барлығының тағдырын тас талқан етті. Бір жан қыршынынан қиылды. Өзіне және болашағына балта шапты. Ал балаларына - өмірлік жарақат қалдырды. Осыған дейін медиа шулаған отбасылық жанжалдардан соң, азаятын шығар деп едім. Енді осы іске ашық сот керек пе? Әлде, балаларды ойлау керек пе?”, – деп жазды ол. 

Енді бірі қаза тапқан әйелдің соңында 2 баласы қалғанын айтты.

“Күйеуі әйелін пышақтап кетті. Өкінішке қарай Жазира қайтыс болды. Артынан 2 баласы қалды”, – деп жазды ол. 

“Көлікке мініп-түсуге қорқатын болдық қой. Әйел адамды аяусыз өлтіре салу соншалықты оңай болғаны ма?! Түнде естіп едім, таңертең шулап жатыр”, – деп жазды бірі. 

Ал енді бірі әйелдің қандай жағдайда шабуылға тап болғанын жазды. 

“Бұрынғы әйелін өлтірді деген күдікті іздестіріліп жатыр. Ол әйеліне пышақ жарақатын салған. Әйел көлігін енді ғана тұраққа қойып жатқан кезде, күдікті көліктің есігін ашып, оған шабуыл жасаған”, – деп жазды қолданушы. 

Айта кетейік, бұған дейін Семейде 19 жастағы қызды көшенің қақ ортасында пышақтап, өлтіріп кеткені туралы жазған едік. 

Нұрила Жұмаділлә
Бейсенбі, 24 Қыркүйек, 2026 10:24