Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Павлодарда оңтүстіккореялық технологиямен дрон өндірісі іске қосылады

ұшқышсыз ұшақ
Фото: pavlodarnews.kz

Павлодарда Қазақстан мен Оңтүстік Кореяның бірлескен жобасы аясында ұшқышсыз ұшақ аппараттарын шығаратын өндіріс ашылады. Жоба аясында оңтүстіккореялық технологиялар Қазақстанға беріліп, алдағы уақытта дрондардың бөлшектері мен корпустарын отандық шикізат пен материалдарды пайдалана отырып елімізде өндіру жоспарланып отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Рavlodarnews.kz порталына сілтеме жасап хабарлайды.

Kazakhstan Korea Drone System компаниясының бас директоры Ержан Әуезовтің айтуынша, өндірістің басты ерекшелігі технология трансфері.

"Корея тарапы өз технологиялары мен әзірлемелерін ұсынды. Ал дрондардың бөлшектері мен корпустарын Қазақстанда отандық шикізат пен материалдарды пайдалана отырып кезең-кезеңімен шығару жолға қойылады", – деді Ержан Әуезов.

Кәсіпорын жылына ұшақ үлгісіндегі және квадрокоптер санатындағы мыңға дейін дрон шығара алады. Дрондардың корпусы мен композиттік бөлшектері әзірге қолмен жасалады. Ұшқышсыз аппараттар төтенше жағдайлардың алдын алу және салдарын жою, мұнай және газ құбырларын, жылу желілерін және басқа да инфрақұрылым нысандарын бақылауға пайдаланылады.

Оңтүстіккореялық дрон өндіруші компанияның бас директоры Ли Джон Геннің сөзінше, Павлодарда өндірілетін өнім тек Қазақстан нарығына ғана емес, алдағы уақытта Орталық Азия елдері мен Еуропаға да экспортталмақ.

Бас директор Ли Джон Ген
Фото: pavlodarnews.kz

Компанияның авиациялық технигі Иван Доронин таныстырған ең ірі дрон барлау, мониторинг және бақылау жұмыстарын жүргізуге арналған.

"Аппаратты Төтенше жағдайлар министрлігінің міндеттерін орындауға, орман алқаптарын бақылап, өрт ошақтарын ерте анықтауға, сондай-ақ жылу желілері мен өзге де инфрақұрылым нысандарын тексеруге пайдалануға болады. Жобалық ұшу қашықтығы 50 шақырым, алайда сынақ кезінде 70-75 шақырымға дейін ұшты", – деді Иван Доронин.

Оның айтуынша, ең ірі дрон үш сағатқа дейін үздіксіз ұша алады және толықтай аккумулятормен жұмыс істейді. Болашақта оған іштен жанатын қозғалтқыш орнату мүмкіндігі де қарастырылған.

Сондай-ақ аппарат бірнеше басқару режимін қолдайды. Ұшу мен қону қолмен орындалады, кейін автоматты режимге көшеді. Оператор ұшу барысында бағытты өзгертіп, жаңа нүктелер енгізіп, камераны басқарып, дронды нақты уақыт режимінде түзете алады.

Компания бұдан бөлек, шамамен 150 метр биіктен аэрофототүсірілім жасап, жер бедерінің картасын әзірлеуге арналған арнайы дронды таныстырды.

Сонымен қатар кәсіпорын өз инженерлері әзірлеген "Ертіс" аэролодкасын, тіркемелі техниканы және азаматтық әрі арнайы қызметтерге арналған жол талғамайтын екі түрлі багги моделін көрсетті. Барлық техниканың конструкторлық құжаттамасы Қазақстанда жасалған. Қазіргі уақытта өнімдер сынақтан өтіп жатыр және тапсырыс түскен жағдайда сериялық өндіріске шығаруға дайын.

Еске салайық, бұған дейін Қазақстан 2026 жылы қалалық әуе мобильдігін (Urban Air Mobility) реттейтін заңнамалық түзетулерді қабылдап, аэротакси, жолаушылар дрондары мен ұшқышсыз әуе көліктерін дамытуға құқықтық негіз қалыптастырған алғашқы елдердің бірі атанды. Заңда вертипорттар, қалалық әуе мобильдігі аймақтары және ұшқышсыз қозғалысты басқару жүйесі сияқты жаңа ұғымдар енгізілді. Алайда аэротакси мен жүк дрондарын жаппай пайдалану қажетті сынақтар мен тәжірибелік құқықтық режим аяқталғаннан кейін ғана жүзеге асады.

Айым Атамбаева
Бейсенбі, 30 Шілде, 2026 10:47