Қазақстанда аэротакси мен дрондарға қатысты жаңа ережелер бекітілді

Қазақстанда аэротакси мен ұшқышсыз авиацияны дамытуға арналған заңнамалық негіз қалыптастырылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Тиісті өзгерістер президент қол қойған "Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы" заңға енгізілген.
"Қабылданған түзетулер инновациялық авиацияны дамытуға және озық технологияларды ұлттық авиациялық жүйеге енгізуге арналған заманауи нормативтік базаны ресми түрде қалыптастырады", – делінген Азаматтық авиация комитетінің хабарламасында.
Комитет мәліметінше, осы заң арқылы Қазақстан қалалық әуе мобильділігі нарығына (Urban Air Mobility, UAM) қатысты құқықтық нормаларды заң жүзінде бекіткен және eVTOL (тік ұшып-қону мүмкіндігі бар электр әуе кемелері) бойынша дамыған реттеушілік базасы бар елдердің қатарына енді. Бұл елдер қатарында АҚШ (FAA), Еуропалық Одақ (EASA), Оңтүстік Корея және Қытай бар.
Жетілдірілген әуе мобильдігінің инфрақұрылымы ретінде вертипорттардың құқықтық мәртебесі бекітіліп, олардың жұмыс істеу ерекшеліктері айқындалды.
Сонымен қатар құжат авиациялық техниканы әзірлеушілерді, қалалық әуе мобильділігі операторларын және азаматтық ұшқышсыз авиациялық жүйелерді сертификаттаудың жаңа тетіктерін қарастырады.
"Ұшқышсыз әуе қозғалысына қызмет көрсету жүйесінің (UTM) құқықтық мәртебесі қалыптастырылды. Ол ұшқышсыз авиациялық жүйелердің ұшуларын цифрлық басқаруды, ақпарат алмасуды, сәйкестендіруді, маршруттауды және әуе кеңістігін пайдалануды үйлестіруді көздейді", – делінген хабарламада.
Сонымен қатар, заңда киберқауіпсіздік пен цифрлық инфрақұрылымға қойылатын талаптар белгіленген. Сондай-ақ азаматтық ұшқышсыз авиациялық жүйелерді мемлекеттік реттеу тетіктері жетілдіріліп, оның ішінде тіркеу, пайдалану, сертификаттау және ұшу жұмыстарын ұйымдастыру мәселелері қамтылған.
Еске салсақ, бұған дейін Қазақстанда аэротаксилер үшін алты вертипорт салынатыны туралы жазған едік.
Астанада ойын орталығында 4 жасар бала тоқ соғып жарақат алды: Анасы орталықты тексеруді талап етті
Оқыңыз