Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматылықтарға үйлерінен 500 метр радиустағы автотұрақтарды тегін пайдалануға рұқсат етіледі

автотұрақ
Фото: magnific.com

Алматыда автотұрақ пайдалану қағидалары жаңартылмақ. Жаңа жобаға сәйкес, көпқабатты үй тұрғындары тұрғылықты жерінен 500 метр радиустағы бір коммуналдық автотұрақта бір автокөлігін тегін қоя алады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Алматыда автотұрақ кеңістігін ұйымдастыру қағидаларын жаңарту көзделіп отыр. Тиісті жобаны мәслихат отырысында Жол қозғалысы және жолаушылар көлігін ұйымдастыру басқармасының басшысы Ержан Диханбаев таныстырды.

Құжатқа сәйкес, көппәтерлі тұрғын үйлердің тұрғындары тұрғылықты жерінен 500 метр радиуста орналасқан бір коммуналдық автотұрақта бір автокөлікті тегін қою алады. Осыған орай нақты автотұрақ орны бекітілмейді. Мұндай тәсіл автотұрақты барлық пайдаланушы үшін тиімді пайдалануға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар құжатта автотұрақтарды жабдықтау, олардың жұмыс тәртібі мен төлем жасау тәсілдеріне қойылатын бірыңғай талаптар белгіленген. Қағидалардың сақталуы мобильді және стационарлық фото және бейнетіркеу кешендері арқылы бақыланады.

Жүргізушілерге қолайлы жағдай жасау мақсатында қолданыстағы жеңілдік мерзімдері де сақталады. Жолаушыларды отырғызу немесе түсіру үшін тротуар бойындағы автотұрақтарда алғашқы 5 минут, ал алаңдағы автотұрақтардан шығуға 10 минут тегін уақыт беріледі.

Бұған қоса, бұрынғыдай соғыс ардагерлері, мүгедектігі бар адамдар, көпбалалы аналар, электр көліктерінің иелері және жедел қызметтердің көлік құралдары автотұрақ ақысын төлеуден толық босатылады.

Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда абаттандырудың жаңартылған үлгілік қағидалары күшіне еніп, көпқабатты үйлердің аулаларындағы автотұрақ орындарын шынжырмен, құлыппен немесе басқа да құрылғылармен қоршауға тыйым салынған еді. Енді ортақ пайдаланылатын аумақты өз бетінше иеленгендерге ӘҚБтК-нің 136-бабы бойынша 324 375 теңге көлемінде айыппұл салынып, заңсыз орнатылған бөгеттер мәжбүрлі түрде алынады.

Айым Атамбаева
Бейсенбі, 30 Шілде, 2026 12:10