Хуситтер Қызыл теңіз арқылы өтетін кемелерге алым енгізбек

Йемендегі хуситтер Қызыл теңіздің оңтүстік бөлігі арқылы өтетін жүк кемелерінен ақы алуды қарастырып жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Reuters-тің дереккөздеріне сілтеме жасап хабарлайды.
Дереккөздердің айтуынша, хуситтер Қызыл теңізді Аден шығанағымен жалғайтын Баб әл-Мандеб бұғазы арқылы өтетін кемелердің басым бөлігінен алым енгізуді жоспарлап отыр. Алайда бұл жүйенің нақты қашан іске қосылатыны әзірге белгісіз. Reuters-тің сауалына хуситтердің баспасөз қызметі жауап бермеген.
Сондай-ақ екі аймақтық шенеуніктің мәліметінше, шілде айында хуситтердің өкілдері Иранға барып, жоғарғы діни жетекші аятолла Әли Хаменеимен қоштасу рәсіміне қатысқан. Сол сапар барысында Иран тарапы Баб әл-Мандеб бұғазы арқылы өтетін кемелерден ақы алу мәселесін хуситтермен талқылаған.
Дереккөздердің айтуынша, мұндай бастаманың екі негізгі мақсаты бар. Біріншісі – халықаралық теңіз жолдары арқылы өтетін кемелерден ақы алуды қалыпты тәжірибеге айналдыру. Екіншісі – АҚШ-қа қысымды күшейту.
Сонымен қатар бұл алымнан Қытайдың кемелері босатылуы мүмкін. Хуситтер мұндай тәртіпті қолдап отыр. Reuters агенттігі бұған дейін Қытай хуситтермен тікелей келіссөз жүргізіп, өз мұнай танкерлерінің Қызыл теңіздің оңтүстік бөлігі арқылы қауіпсіз өтуін қамтамасыз етуге тырысқанын хабарлаған. Айта кетейік, Қытай – Сауд Арабиясы мұнайының ең ірі сатып алушысы.
Ирандық кеңесшілер хуситтерге алым жинау жүйесін әзірлеуге көмектесіп жатыр
Ирандық кеңесшілер бұл төлемдерді реттейтін арнайы орган құруға қолдау көрсетпек. Йеменнің сыртқы істер министрі Афра әз-Зубаның айтуынша, хуситтер Қызыл теңіздегі бақылауды өз қолына алуға тырысады. Егер оған қол жеткізсе, бұғаз арқылы өтетін кемелерден ақы ала бастайды.
Ал екі батыс дипломатының мәліметінше, мұндай бастама Парсы шығанағы елдері мен Еуропаның қатаң қарсылығына тап болады. Дегенмен олардың айтуынша, халықаралық әскери-теңіз күштері қазір шамадан тыс жүктемемен жұмыс істеп жатыр және коммерциялық кемелерді толық қорғауға қауқарсыз. Сонымен қатар, бұл жағдайды өзгертуге саяси ерік-жігер де жеткіліксіз.
Reuters агенттігінің дерегінше, Иранның жоғары лауазымды өкілі Тегеранның Оман ұсынған Ормуз бұғазын бірлесіп басқару туралы ұсыныстан бас тартқанын айтты. Ол ұсыныс бойынша кемелер бұғаз арқылы өткені үшін ерікті түрде төлем жасауы тиіс болған. Салдарынан бірнеше айдан бері осы маңызды теңіз жолындағы саудаға кедергі келтіріп отырған дағдарысты реттеудегі үміт ақталмай қалды.
Сауд Арабиясы ең маңызды теңіз бағытын жоғалтады
Reuters агенттігінің жазуынша, егер Баб әл-Мандеб бұғазы жабылса, Сауд Арабиясы Ормуз бұғазына балама болатын ең маңызды теңіз бағытын жоғалтады. Бұл өз кезегінде мұнай жеткізу тізбегінің үзілу қаупін күшейтіп, әлемдік нарықтағы алаңдаушылықты арттыруы мүмкін.
БҰҰ сарапшылар тобының 2024 жылғы есебінде хуситтер 2024 жылғы теңіз операциялары кезінде Қызыл теңіз бен Аден шығанағы арқылы өткен кейбір кеме компанияларынан қауіпсіз өтуге кепілдік беру үшін ақы алғаны айтылған. Бағалауға сәйкес, мұндай төлемдер хуситтерге айына 180 миллион долларға дейін табыс әкелуі мүмкін болған. Алайда бұл мәлімет ресми түрде расталмаған.
Баб әл-Мандеб бұғазы арқылы Азия бағытына жүзу шамамен 16 күнге созылады. Ал балама бағытпен, яғни Қызыл теңіздің солтүстігі, Суэц каналы және Африканың оңтүстік шеті арқылы жүру шамамен 50 күнді алады.
ОқыңызҚызыл теңіздегі кеме қатынасы әлі күнге дейін толық қалпына келген жоқ. Себебі 2023 жылдың қараша айында хуситтер Йемен жағалауында кемелерге шабуыл жасай бастаған. Олар мұны Газа секторындағы соғыста палестиналықтарға қолдау көрсету мақсатында жасағанын мәлімдеген. Сауда кемелеріне жасалған шабуылдар өткен жылдың қазан айында Газада бітім жасалғаннан кейін ғана тоқтаған.
Қазақстанда орынбасарлары сотталған әкімдер отставкаға кетті ме: Шолу