Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

АҚШ пен Иран шабуылды қайта басатды: Сауд Арабиясы да Ирактағы қарулы топтарға қарсы соққы жасады

АҚШ Иран
Фото: Getty Images

Иран Таяу Шығыстағы АҚШ әскеріне бірнеше баллистикалық зымыранмен шабуыл жасады. АҚШ әскери қолбасшылығы мұны "кенеттен жасалған шабуыл әрекеті" деп бағалап, барлық зымыранның әуеде жойылғанын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі ВВС-ге сілтеме жасап хабарлайды.

Иранның мәлімдеуінше, бұл шабуылдың негізгі нысанасы Иорданиядағы америкалық әскери база болған.

Бұған жауап ретінде АҚШ Ирактағы Иранды қолдайтын қарулы топтардың нысандарына әуе соққыларын жасады. Бұл операцияға Сауд Арабиясы да қатысты.

Сондай-ақ Иранның Ислам революциясы сақшылар корпусы Ормуз бұғазындағы үш мұнай танкеріне соққы жасағанын хабарлады.

Айта кетейік, бұған дейін үш күн бойы қақтығыстар тоқтап тұрған еді. АҚШ президенті Дональд Трамп бұл үзіліс Иранмен бейбіт келіссөздерді жалғастыру үшін жасалғанын айтқан.

“28 шілдеде АҚШ пен Сауд Арабиясының қарулы күштері Ирак аумағындағы Иранмен байланысты қарулы топтардың нысандарына әуе соққыларын жасады”, – деп мәлімдеді АҚШ-тың Орталық қолбасшылығы.

Америкалық тараптың хабарлауынша, бұл топтарға Ислам революциясы сақшылар корпусы АҚШ күштері мен Сауд Арабиясының энергетикалық инфрақұрылымына шабуыл жасауды тапсырған.

АҚШ әскері соңғы бір тәулікте Ирактағы Иранды қолдайтын қарулы топтар америкалық және саудиялық нысандарға 30 рет дрон ұшырғанын мәлімдеді. Бұған жауап ретінде олардың логистикалық орталықтары мен қару-жарақ қоймаларына соққы берілген. Ал Ирактың Иранды қолдайтын шииттік топтары басым Халықтық жұмылдыру күштері америкалық әуе шабуылдарының салдарынан кемінде 20 жауынгері қаза тапқанын хабарлады.

AFP агенттігінің дереккөздеріне сүйенген мәліметке сәйкес, Ирактың орталығындағы Дияла провинциясында Иранды қолдайтын Халықтық жұмылдыру күштерінің базаларына жасалған әуе шабуылынан бес ирандық әскери кеңесші қаза тапқан. AFP тілшілері олардың сәрсенбі күні Бағдадта Иран туына оралған табыттармен жерленгенін хабарлады.

АҚШ Ираннан және оны қолдайтын қарулы топтардан шабуылдарды тоқтатуды талап етті. Вашингтон бұл талап орындалмаса, әскери операциялар жалғасатынын ескертті. Әзірге Тегеран бұл жағдайға қатысты ресми мәлімдеме жасаған жоқ.

Еске салайық, сейсенбі күні Иран Иорданиядағы АҚШ әскери базасына бірнеше баллистикалық зымыран ұшырды. Тегеран бұл әрекетін "тосын шабуыл жасау әрекеті" деп атады. Алайда АҚШ пен Иорданияның әуе қорғаныс жүйелері ұшырылған барлық зымыранды қағып түсірді.

Айым Болатқызы
Бейсенбі, 30 Шілде, 2026 08:29