Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Иран АҚШ-пен болған бейресми бітімді бұзып, америкалық әскери базаға зымыранмен соққы жасады

Иран Америка
Фото: x.com/CENTCOM

Сейсенбі күні Иран Иорданиядағы АҚШ әскери базасына бірнеше баллистикалық зымыран ұшырды. Тегеран бұл әрекетін "тосын шабуыл жасау әрекеті" деп атады. Алайда АҚШ пен Иорданияның әуе қорғаныс жүйелері ұшырылған барлық зымыранды қағып түсірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі CENTCOM-ға сілтеме жасап хабарлайды. 

Бұл – АҚШ президенті Дональд Трамп жұма күні Иранға жасалып жатқан соққыларды дипломатияға тағы бір мүмкіндік беру үшін уақытша тоқтатқаннан кейінгі Иранның аймақтағы америкалық әскери базаға жасаған алғашқы зымыран шабуылы болды.

Дүйсенбі күні Трамп Axios басылымына берген сұхбатында АҚШ-тың Иранмен "өте ауқымды келіссөздер" жүргізіп жатқанын айтты. Бірақ егер дипломатия нәтиже бермесе, Вашингтон "өте қатаң әскери іс-қимылдарға" қайта оралатынын ескертті.

АҚШ Орталық қолбасшылығының мәліметінше, Иранның Ислам революциясы сақшылар корпусының күштері Шығыс жағалауы уақыты бойынша сағат 17:45-те зымырандар ұшырған.

"АҚШ әскери күштері қырағылықты сақтап, жоғары жауынгерлік дайындық жағдайында тұр", – делінген қолбасшылықтың мәлімдемесінде.

Кейінірек АҚШ Орталық қолбасшылығы АҚШ пен Сауд Арабиясының жойғыш ұшақтары Ирактың шығысындағы бірнеше логистикалық және қару-жарақ нысандарына соққы жасағанын хабарлады. Қолбасшылықтың мәліметінше, бұл шабуылдар КСИР соңғы 72 сағат ішінде жасаған 30-дан астам дрон шабуылына жауап ретінде жүзеге асырылған. 

Кейінірек Сауд Арабиясының Қорғаныс министрлігі бұл операцияға қатысқанын растады. Ведомствоның мәліметінше, соққылар АҚШ-тың Орталық қолбасшылығымен (CENTCOM) үйлестіріліп жасалған.

Ал АҚШ Орталық қолбасшылығы америкалық әскери күштерге жасалған шабуылдардың сәтсіз аяқталғанын мәлімдеді.

Бұған дейін, Вашингтонның ұсынысын Тегеранға Ирак премьер-министрі Али аз-Заиди жеткізген. Ол бұған дейін Ақ үйге барып, Дональд Трамппен кездескен. Алайда АҚШ тарапы ұсынған шарттардың нақты мазмұны жарияланған жоқ.

Иран шенеуніктерінің айтуынша, бұл Тегеран қарастырған жалғыз ресми ұсыныс болған. Дегенмен, Иран уақытша бітімге келуге мүдделі емес екенін білдірген. Себебі мұндай келісім Ормуз бұғазын бақылау мәселесін түбегейлі шешпейді.

Иранның Сыртқы істер министрі Аббас Арагчи де Ирак премьер-министрінің Вашингтон ұстанымын жеткізгенін растады. Оның сөзінше, келісімге келуге арағайындардың жетіспеуі емес, АҚШ-тың тым қатаң әрі біржақты талаптары кедергі болып отыр.

Айым Болатқызы
Сәрсенбі, 29 Шілде, 2026 09:15