Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Кардиолог 40 жастан кейін жүрек саулығын сақтауға көмектесетін үш ережені атады

Жүрек саулығы
Фото: pexels.com

40 жастан кейін жүрек-қан тамырлары жүйесінің саулығына жүйелі түрде көңіл бөліп, денсаулықты тұрақты бақылау қажет. Санкт-Петербургтегі "СМ-Клиника" кардиологы, медицина ғылымдарының кандидаты Валентина Байдина жүрек пен қан тамырларының саулығын сақтауға көмектесетін үш негізгі ережені атады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Lenta.ru басылымына сілтеме жасап хабарлайды. 

Ең алдымен, дәрігер медициналық тексеруден уақытылы өтіп тұруға кеңес берді.

"Адам жылына кемінде бір рет дәрігерге қаралып, электрокардиографиядан (ЭКГ) өтуі керек. Сондай-ақ артериялық қан қысымын өз бетінше бақылап, қалыпты болып көрінсе де, мезгіл-мезгіл өлшеп тұрған жөн. Бұдан бөлек, жылына бір рет қандағы глюкоза, холестерин және бауырдың негізгі ферменттерінің деңгейін анықтау үшін талдау тапсырған маңызды", – деді Байдина.

Дәрігер екінші маңызды қадам ретінде темекі шегу мен алкогольден бас тартуды атады. Оның орнына дене белсенділігіне көңіл бөлуге кеңес берді. Қан тамырларының тонусын сақтау үшін аптасына екі рет бассейнге бару, созылу жаттығуларын жасау немесе скандинавиялық жүріспен айналысу пайдалы. Ең бастысы – мұндай жаттығуларды тұрақты түрде әдетке айналдыру, деді маман.

Жүрек саулығын сақтаудың үшінші шарты – теңгерімді тамақтану. Байдина майлы етті азайтып, майы аз ақуыз көздеріне басымдық беруге кеңес берді. Көмірсулардың пайдалы көзі ретінде қатты бидай сорттарынан жасалған макарон өнімдерін атады.

Сондай-ақ дәрігер күнделікті ас мәзірінде жаңа піскен көкөністер, жемістер мен көк шөптер мол болуы керегін атап өтті.

Назархан Уән
Жексенбі, 27 Қыркүйек, 2026 20:01