Мыңдаған науқастың өмірін сақтап қалған ақтөбелік дәрігер 53 миллион теңге жымқырғаны үшін сотталды
Ақтөбеде мыңдаған адамның өмірін сақтап қалған дәрігер мемлекеттен 53 миллион теңгеден астам ақша жымқырғаны үшін сотталды. 40 жылдан астам медицина саласында еңбек еткен Жәнвек Нұрмағамбетов өзі басқарған клиникада көрсетілмеген медициналық қызметтер үшін ақша алып отырған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “Диапазон” басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Клиника мемлекеттен қалай ақша алған?
Жәнібек Нұрмағамбедов "Медина Клиник" медициналық мекемесінің нақты басшысы әрі иесі болған. Клиника мен Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры арасында келісімшарт жасалып, халыққа алғашқы медициналық көмек көрсету, дәрігерлердің кеңесі мен диагностикалық тексерулер өткізу үшін қаражат бөлінген.
Кейін ол клиниканы туысының сенімгерлік басқаруына берген. Алайда айыптау қорытындысына сәйкес, дәрігер туысы мен клиника директорының біліксіздігін пайдаланып, басқа медициналық мекемелерден жолдамамен келген науқастар туралы ақпаратты бақылап отырған.
Медициналық жүйеге жалған мәлімет енгізген
Тергеу мәліметінше, Нұрмағамбетов қордан ақша алу үшін "DamuMed" ақпараттық жүйесіне көрсетілмеген медициналық қызметтер туралы жалған мәліметтер енгізген. Кейбір қызметтер бұрын көрсетілген қызметтер ретінде қайталанып жазылған.
Осы мәліметтер негізінде орындалған жұмыстардың актілері мен шот-тізілімдер рәсімделіп, қордан клиниканың есепшотына ақша аударылған. Тергеу дерегіне сәйкес, осылайша дәрігер 53 миллион 117 мың теңгені иемденіп, жеке қажеттіліктеріне жұмсаған.

Дәрігер кінәсін мойындап, мемлекетке келтірілген шығынды толық өтеген. Сондай-ақ ол прокуратурамен кінәні мойындау туралы процестік келісім жасаған. Сот Жәнібек Нұрмағамбетовті 5 жылға шартты түрде бас бостандығынан айыруға үкім шығарды.
Мыңдаған науқасқа көмектескен дәрігер ретінде танылған
Жәнібек Нұрмағамбетов медицина саласында 40 жылдан астам еңбек еткен. Ақтөбеліктер оны білікті дәрігер ретінде таниды. Ол емхана базасында көздің микрохирургиясы бойынша амбулаториялық орталық ашып, онда жыл сайын катаракта, глаукома және басқа да көз аурулары бар науқастарға шамамен 600 ота жасалған.
Пандемия кезінде ауруханалар науқастарға толған шақта ол емхана базасында стационар ашуға шешім қабылдаған. Сол жерде 1400 адам емделген.
Дәрігер "Құрмет" орденімен марапатталған. Ол 12-шағынаудандағы №3 емхананы 14 жыл басқарған. Биыл қыста зейнетке құрметпен шығарып салынған.
Еске салсақ, бұған дейін Маңғыстау облысында аурухананың бас бухгалтері 32 миллион теңге жымқырғанын хабарлаған едік.
"Киімдегі жалаңаш қыздар": Дене бітімін айқындайтын хиджаб үлгісі қазақстандықтардың сынына қалды