Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ауырсынуды басатын қауіпсіз дәрі: Ғалымдар ащы бұрышқа байланысты тың жаңалық ашты

Ащы бұрыш дәрі
Фото: magnific.com

АҚШ ғалымдары ащы бұрыштың ауырсынуды басатын дәрілер жасауға болатын қасиетін анықтады. Зерттеу нәтижесі ауырсынуды басып, сонымен бірге дененің жылуды қалыпты сезінуіне кедергі келтірмейтін дәрі жасауға көмектеседі. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

АҚШ-тағы Дэвис қаласындағы Калифорния университетінің Медицина мектебінің ғалымдарының зерттеу нәтижелері PNAS ғылыми журналында жарияланған. TRPV1 рецепторы ауырсынуды сезетін жүйке жасушаларында орналасқан. Ол ыстықты, тіндердің зақымдануын, қабынуды және капсаицин сияқты химиялық заттарды сезеді.
Бұл рецептор ауырсынуды сезіну үдерісінде маңызды рөл атқарады. Сонымен қатар ол опиоидты жүйеге әсер етпейді.

Сондықтан ғалымдар осы рецепторға әсер ету арқылы адамды дәріге тәуелді етпейтін ауырсынуды басатын дәрі жасауға болады деп есептеген. Бірақ мәселе мынада: бұл рецептор дене температурасын реттеуге де қатысады. Оған әсер еткенде адамның ыстық пен суықты сезінуі бұзылуы мүмкін.

Бұған дейін ғалымдар рецепторға қандай әсер жасалса да, ол бірдей жұмыс істейді деп ойлаған. Алайда жаңа зерттеу оның әртүрлі әсерге әрқалай жауап беретінін көрсетті. Яғни ауырсыну, ыстық немесе басқа да әсерлер рецептордың жұмысын әртүрлі өзгертуі мүмкін.

Мұны анықтау үшін зерттеушілер рецептордың жұмысын бірнеше әдіспен тексеріп, тірі жасушалардағы өзгерістерді бақылаған және компьютерлік модельдер қолданған. Нәтижесінде рецептордың бірнеше түрлі күйге ауыса алатыны анықталды. 

Екі түрлі әсер бір уақытта болғанда, рецептор баяуырақ ашылатыны анықталды. Бұл олардың бір-біріне кедергі келтіруі мүмкін екенін көрсетеді.

Ғалымдардың айтуынша, зерттеу ауырсынуды басып, дененің ыстықты қалыпты сезінуіне кедергі келтірмейтін қауіпсіз дәрілер жасауға көмектеседі. Бұған дейін мұндай дәрілер дене температурасын реттеуді бұзған.

Гүлсезім Мұхатай
Сенбі, 17 Қазан, 2026 15:30