Ғалымдар өте ыстық сусын мен өңеш обырының арасындағы байланысты растады
Шай мен кофені тым ыстық күйінде ішу өңеш обырының даму қаупін арттыруы мүмкін. Мұндай қорытындыға миллионға жуық адам қатысқан ауқымды зерттеу жүргізген британдық ғалымдар келді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Бұл – ыстық сусындарды тұтыну мен өңеш обырының арасындағы байланысты зерттеген ең ірі жұмыстардың бірі.
Ғалымдардың мәліметінше, сусынды “өте ыстық” күйінде ішетін адамдарда өңеш обырына шалдығу қаупі жылы шай немесе кофе ішетіндерге қарағанда шамамен үш есе жоғары болған.
Зерттеушілер мұны ыстық сұйықтықтың өңештің ішкі қабатын зақымдауымен байланыстырды. Дегенмен мамандар жалпы алғанда бұл қатерлі ісік түрінің пайда болу ықтималдығы төмен екенін де ескертеді.
Қандай температура қауіпті?
Оксфорд университеті мамандарының International Journal of Cancer журналында жарияланған зерттеуінде температурасы 65 градус және одан жоғары сусындар “өте ыстық” деп есептелген.
Зерттеу барысында күніне алты немесе одан да көп ыстық сусын ішетін адамдарда да өңеш обырының даму қаупі жоғары болатыны байқалған.
Шайға немесе кофеге сүт қосу оның температурасын сәл төмендеткенімен, сусын бәрібір тым ыстық күйінде қалуы мүмкін. Сондықтан оны бірден ішпей, біраз уақыт салқындатқан дұрыс.
Жаңа қайнаған судан демделген шайдың температурасы шамамен 100 градус болады. Ал кесеге құйылғаннан кейін ол 90–95 градусқа дейін төмендейді.
Ғалымдар шай немесе кофені ішер алдында тағы бірнеше минут күтуге кеңес береді. Осы уақыт ішінде сусын қауіпсіздеу температураға дейін салқындауы мүмкін.
Cancer Research UK ұйымының мамандары нақты қанша минут күту керегін дәл айту қиын екенін атап өтті.
“Егер алаңдасаңыз, сусынды ауыз күйдірмейтін, ішуге жайлы температураға дейін суытқан дұрыс”, – дейді мамандар.
Адамдар сусынды қай температурада “тым ыстық” деп қабылдайды?
Зерттеуге қатысқан ғалымдардың бірі Керен Папьер бұған дейін Оңтүстік Америкада өте ыстық мате сусынын жиі ішетін адамдар арасында да ұқсас байланыс анықталғанын айтты.
Дегенмен мамандар қатердің нақты қай температурадан басталатынын анықтау үшін қосымша зерттеу қажет екенін ескертеді.
118 жас қатысқан тағы бір зерттеуде адамдар кофені көбіне температурасы 70 градустан жоғары болған кезде ғана “тым ыстық” деп бағалаған.
Ал ыстық сусындарға арналған қағаз стақандар өндіретін MTPak Coffee компаниясының мәліметінше, алып кетуге берілетін кофенің қолайлы температурасы 49–60 градус шамасында. Егер тұтынушы кофені әдейі өте ыстық етіп сұраса, бариста оны 82 градустан жоғары температурада беруі мүмкін.
Өңеш обырының басқа да қауіп факторлары бар
Worldwide Cancer Research мәліметінше, өңеш обыры әлемде ең жиі кездесетін он қатерлі ісік түрінің қатарына кіреді. Ал адам өліміне әкеп соғатын онкологиялық аурулар арасында жетінші орында тұр.
Бұл дерттің басты қиындығы – алғашқы кезеңдерде белгілері байқалмауы немесе өте әлсіз болуы мүмкін. Сондықтан диагноз кейде ауру асқынған кезде ғана қойылады.
Өңеш обырының негізгі белгілеріне жұтынудың қиындауы, қыжыл, қышқылдың кері келуі, жүрек айну немесе құсу, дауыстың қарлығуы және тәбеттің төмендеуі жатады.
Ғалымдардың болжамына сәйкес, адамдар өте ыстық сусын ішуді азайтса, өңеш обыры жағдайларының шамамен 10–20%-ын болдырмауға мүмкіндік болуы ықтимал.
Дегенмен мамандар ыстық сусыннан бөлек, әлдеқайда маңызды қауіп факторлары бар екенін еске салады.
Cancer Research UK өкілі Фиона Осгунның айтуынша, өңеш обырының қаупін төмендетудің ең тиімді жолдарының бірі – темекіден бас тарту және алкогольді аз тұтыну.
Яғни шай мен кофеден түгел бас тартудың қажеті жоқ. Ең бастысы – оларды күйдіріп ішпей, сәл суытып барып тұтыну.
"Қазақстанға Алланың мықты бір азабы керек" деп айтқан қарағандылық мұғалім жұмысынан кетті
