Ғалымдар күн сайын тәтті сусын ішу асқазан обыры қаупін 145%-ға арттыратынын анықтады
Ғалымдар қант қосылған сусындарды күнделікті тұтыну асқазан обырының даму қаупін едәуір арттыратынын анықтады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі SciTechDaily басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Зерттеу нәтижелері Gastro Hep Advances ғылыми журналында жарияланды.
Mass General Brigham онкологиялық институтының ғалымдары ұзақ мерзімді бақылауға алынған 112 284 адамның деректерін талдаған.
Мамандар бірнеше онжылдық бойы еріктілердің тамақтану рационын, өмір салтын және денсаулық жағдайын бақылаған. Зерттеу кезеңінде 278 адамға асқазан обыры диагнозы қойылған.
Талдау нәтижесінде күн сайын кемінде бір порция тәтті сусын ішетін ересектерде асқазан обырының даму ықтималдығы айына бір реттен сирек тұтынатын адамдармен салыстырғанда 2,45 есе жоғары болғаны анықталды.
Ғалымдар фруктозаны көп тұтыну мен аурушаңдықтың артуы арасында тікелей байланыс барын да анықтады. Ал жасанды тәттілендіргіштер қосылған сусындардың ағзаға мұндай кері әсері байқалмаған.
"Бұл – АҚШ тұрғындары арасында қант қосылған сусындарды тұтыну мен асқазан обыры арасындағы байланысты көрсеткен алғашқы зерттеу. Асқазан обыры әлемде қатерлі ісіктен болатын өлім-жітімнің негізгі себептерінің ішінде бесінші орында. Алайда диетаның бұл аурудың дамуына қалай ықпал ететіні туралы мәліметіміз аз", – деді зерттеудің аға авторы, гастроэнтеролог әрі эпидемиолог Эндрю Т. Чан.
Зерттеуде қант қосылған сусындарға газдалған сусындар, пунш, лимонад және спорттық сусындар жатқызылған. Ал жасанды тәттілендіргіштері бар сусындар ретінде калориясы төмен газдалған сусындар қарастырылған.
Еске салсақ, бұған дейін дәрігерлер тұзды тағамды жиі жейтіндерге асқазан обыры қаупіне байланысты ескерту жасаған еді.
Қазақстандық оқушыларға теріс басылған оқулық берілген: Баспа не дейді
