Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жоғары аудиторлық палата министрліктің іссапарлары мен сатып алуларынан негізсіз шығындар анықтады

ЖАП шығын
Фото: magnific.com

Өнеркәсіп министрлігі 139,5 миллион теңгеге жасалған сатып алулардың бір бөлігін растамаған, ал Сауда министрлігі шетелдік іссапарларға жұмсалатын шығын есебін 15,5 млн теңгеге асырып көрсеткен. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Жоғары аудиторлық палата мемлекеттік органдардың 2027-2029 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасындағы жекелеген шығындардың қаншалықты негізді екенін тексерді.

Аудиторлар 11 мемлекеттік органның жалпы сомасы 23,6 миллиард теңге болатын күрделі шығыстарын зерделеді. Оның 17,7 миллиард теңгесін жабдық, көлік, компьютер және басқа да негізгі құралдарға, тағы 5,9 миллиард теңгесін күрделі жөндеуге жұмсау жоспарланған. Жоғары аудиторлық палата сатып алу бағаларын растауға және кейбір сатып алулардың қажеттігін негіздеуге қатысты мәселелерді анықтады.

Өнеркәсіп министрлігі бойынша Жоғары аудиторлық палата 139,5 миллион теңге көлеміндегі шығындарды мәселе ретінде көрсетті. Бюджеттік материалдарға бұл сома бойынша баға ұсыныстары қоса берілмеген. Сонымен қатар аудиторлар ведомство сатып алуды жоспарлаған негізгі құралдардың атауы, саны мен техникалық сипаттамаларын анықтай алмаған.

Ал қолданыстағы қағидаларға сәйкес, сатып алынатын мүліктің әрбір түрі бойынша қазақстандық маркетплейстерден кемінде үш ұсыныс немесе үш баға көрсетілген парақ болуы керек.

Жоғары аудиторлық палата қорытындысына сәйкес, Өнеркәсіп министрлігі әрқайсысын 736,1 мың теңгеден 29 жүйелік блок сатып алуды жоспарлаған. Алайда сол бюджет өтініміне қоса берілген Omarket маркетплейсіндегі ақпаратта мұндай жүйелік блоктың бағасы 640 мың теңге болған. Сатып алудың жалпы сомасы бойынша айырмашылық шамамен – 2,8 миллион теңге. Осыған байланысты Жоғары аудиторлық палата Өнеркәсіп министрлігінің шығынын аталған сомаға қысқартуды ұсынды.

Аудиторлар әртүрлі мемлекеттік органдардың өтінімдерін салыстыру кезінде де баға айырмашылығын анықтады. Мысалы, бюджет өтінімдерінде:

  • Планшеттердің бағасы – 120 мыңнан 800 мың теңгеге дейін;
  • Принтерлердің бағасы – 90,2 мыңнан 500 мың теңгеге дейін;
  • Моноблоктар – 448 мыңнан 1,1 млн теңгеге дейін;
  • Ноутбуктер – 318 мыңнан 740 мың теңгеге дейін;
  • Компьютерлер – 411,8 мыңнан 880,3 мың теңгеге дейін көрсетілген.

Аудиторлардың пікірінше, бұл баға айырмашылығы өте үлкен. 

Жоғары аудиторлық палата Сауда министрлігіне де ескерту жасады. "Техникалық реттеу және метрология саласындағы қызметтер" бағдарламасы бойынша үш жылға 5,6 миллиард теңге қарастырылған:

  • 2027 жылы – 1,893 миллиард теңге;
  • 2028 жылы – 1,893 миллиард теңге;
  • 2029 жылы – 1,813 миллиард теңге.

Осы бағдарлама аясында шетелдік іссапарларға жұмсалатын шығынды есептеу кезінде министрлік бір долларды 490-600 теңге аралығындағы бағаммен есептеген. Алайда бюджет өтінімдері әлеуметтік-экономикалық даму болжамына негізделуі тиіс. Онда аталған кезеңге доллардың бағамы 480 теңге деңгейінде белгіленген.

Жоғары аудиторлық палатаның есептеуінше, жоғары бағамды қолдану іссапар шығындарын 15,5 миллион теңгеге арттырған.

Қорытынды кестелерді қайта тексергеннен кейін күрделі шығыстарды қысқарту сомасы анықталған мәселелердің жалпы көлемінен әлдеқайда аз болып шықты.

Жоғары аудиторлық палатаның Өнеркәсіп министрлігінің 139,5 миллион теңге көлеміндегі шығысын жүйелі мәселелер санатында қалдырғанымен, ведомство шығынын шамамен 2,8 миллион теңгеге қысқартуды ұсынды. Тағы 3,2 миллион теңге – Атом энергиясы агенттігі бойынша қысқартылды.

Осылайша, қаралған күрделі шығындардан жалпы 6 млн теңгеге жуық қаржы қысқартылды.

Тексеру кезінде Өнеркәсіп министрлігінің сатып алуы мен Сауда министрлігінің іссапар шығындарына қатысты ескертулер түзетілмегені анықталды. 

Бұған дейін аудиторлардың қорғаныс министрлігінде бюджет қаражатының жұмсалуын тексеріп жатқаны туралы жазған едік. Тексеру бюджет қаражатының қаншалықты тиімді жұмсалғанын және әскери бөлімдердің материалдық-техникалық қамтамасыз етілу мәселелерін қамтиды.

Айым Болатқызы
Дүйсенбі, 28 Қыркүйек, 2026 11:07