Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Айыппұлды төлеймін": Ұлттық банк басшылығы аудит талаптарының неге орындалмағанын түсіндірді

Қазақстан Ұлттық банкі
Фото: Nationalbank.kz

Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов пен оның орынбасары Әлия Молдабекова Жоғары аудиторлық палатаның нұсқамасы не себепті уақытында орындалмағанын түсіндірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

2025 жылғы желтоқсанда Жоғары аудиторлық палата Ұлттық банкке бірқатар талап қойған. Соның ішінде қаржы ұйымы инвестициялық портфельді басқаруға қатысы жоқ қызметкерлерге төленген сыйақыларды 1 сәуірге дейін қайтару шараларын қабылдауы керек болған.

Алайда талап белгіленген мерзімде орындалмаған. Осыған байланысты сот Ұлттық банк төрағасының орынбасары Әлия Молдабековаға 64 875 теңге айыппұл салды.

Тимур Сүлейменовтің айтуынша, Жоғары аудиторлық палата Ұлттық банктің 2020–2025 жылдардағы қызметіне кешенді аудит жүргізген. Тексеру барысында елеулі заңбұзушылықтар анықталмаған.

“Бұл жағдай 2020 және 2023 жылдары болған. Кейбір қызметкерлер нақты міндеттерді атқарғанымен, ол функциялар лауазымдық нұсқаулықтарда көрсетілмеген. Соған қарамастан оларға шамамен 150 мың теңге және одан сәл жоғары көлемде сыйақы төленген. Жоғары аудиторлық палата осыны заңбұзушылық деп бағалады”, – деді Тимур Сүлейменов.

Қазір Ұлттық банк қызметкерлердің лауазымдық нұсқаулықтарын түзетіп, аудиторлардың талаптарын орындаған. Төленген сыйақылар да қызметкерлердің табысынан кезең-кезеңімен ұсталып, қайтарылған.

Әлия Молдабекова сот шешімі заңды күшіне енгеннен кейін айыппұлды төлейтінін айтты.

“Жоғары аудиторлық палатаның нұсқамасын белгіленген мерзімде орындап үлгермегеніміз үшін маған әкімшілік айыппұл салынды. Қазір барлық қажетті шара қабылданды. Сот шешімі әзірге заңды күшіне енген жоқ, бірақ күшіне енгеннен кейін айыппұлды төлеймін”, – деді ол.

Ұлттық банк қайтарылған сыйақылардың жалпы көлемін жарияламады. Әлия Молдабекованың айтуынша, бұл ақпарат құпия саналады.

Тимур Сүлейменов мұндай әкімшілік жаза мемлекеттік органдарда жиі кездесетінін де атап өтті. Оның сөзінше, 2025 жылы осындай жауапкершілікке әкім орынбасарларынан бастап вице-министрлерге дейін 204 лауазымды тұлға тартылған.

“Үлкен ұжымды басқарған кезде қағаз жүзіндегі кемшіліктер болуы мүмкін. Біз заңбұзушылықты түзеттік, нұсқамаларды орындадық. Кейбірін уақытында орындап үлгермедік, сондықтан айыппұл төлейміз. Бұл – жұмыс барысында болған жағдай. Енді қайталанбайды”, – деді Ұлттық банк төрағасы.

Еске салайық, бұған дейін Ұлттық банк төрағасының орынбасары қызметкерлерге берілген сыйақыға байланысты айыппұл арқалағаны хабарланған еді.

Балнұр Рахматуллақызы
Жұма, 24 Шілде, 2026 18:50
Талқылау